Талдықорғанда Мемлекеттік басқару академиясының филиалы ашылды

16.07.2019ж

Облыс орталығында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалы ашылды. Филиалдың ашылуына Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев келді.

 

Филиал ғимаратының ашылу салтанатында Алик Шпекбаев пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ғимарат алдына қойылған ескерткіш тақтаға қолтаңбаларын қалдырды. Мұндағы оқыту кабинеттерін, кітапхана мен басқа да жұмыс бөлмелерін аралап, олардың жабдықталуымен танысқан А. Шпекбаев академияның Алматы облыстық филиалын республикадағы үздік филиал ретінде атап өтті.

 - Мемлекеттің қолдауымен облыс орталығында ашылып отырған академия филиалы–өңірдің мемлекеттік қызметшілері үшін тамаша мүмкіндік болып отыр. Алдағы уақытта мұнда білімі мен кәсіби біліктілігін жетілдірген мемлекеттік қызметшілер облыс экономикасын одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенімдімін, - деді А. Баталов.

         Ал А.Шпекбаев өз сөзінде Президенттің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызмет істері саласындағы қолға алынып жатқан заманауи бағыттар туралы баяндады.

- Цифрландыру ісіне ең алдымен жергілікті жерлерде әкімдер мүдделі болуы керек. Бұл орайда Алматы облысының әкімдігі зор қолдаулар көрсетіп отыр. Соңғы уақытта Алматы облысында электронды форматта мемлекеттік қызмет көрсету көрсеткіші артып келеді, - деді ол.

Сондай-ақ, «Мемлекеттік қызметті кәсібилендірудің заманауи трендтері: өңірлік аспект» семинары өтті. Семинарды Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова жүргізді. Жиынға республикамыздың өзге облыстарындағы академия филиалдарының директорлары арнайы шақырылды. Жиыннан кейін А.Шпекбаев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің ғимаратын аралап, департамент ұжымымен кездесті.