Ауылдағы ауызсу мәселесі шешілетін болды

02.08.2019ж

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Қылышбаев Үлкеншыған ауылдық  округіне қарасты Кішішыған ауылындағы мәдениет үйінде болып, ауыл тұрғындарымен  кездесті.

 

      Кездесуді аудан әкімі Темірлан Бектасов ашып, жүргізіп отырды.  Халық қалаулысымен кездесу барысында тұрғындар ашық түрде әңгімелесіп,  ауылда өріс алған түрлі проблемалар бойынша сұрақтар қойып, оған  тұшымды жауаптар  алды.

      Атап айтқанда, ауылдағы ең басты мәселе ауызсу екені бұрыннан  айтылып келеді. Осы ауызсу туралы кездесу   барысында ашық айтылды.  Бұл мәселе бойынша  республикалық бюджеттен  150 миллион теңге  бөлінгендігі айтылды.  Алдағы уақытта 867 миллион теңге қарастырылады деп күтілуде.

     Қысқасы таяуда ауылдағы  ауызсудың құрылыс жұмыстары басталмақ.

     Ауыл тұрғындарымен болған кездесуге  аудан әкімінің  орынбасары Думан Төреханов,  осы салаға жауапты адамдар қатысты. Сондай-ақ Алматы облысы орман шаруашылығы басқармасының  басшысы Айбек Сапарбекұлы қатысып отырды.

    Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Н. Қылышбаев ауызсу проблемасын шешуге қол ұшын  беретіндігін ашық айтты.  Кездесуде зейнеткер  Тоқтасын Ыбрайымқұлов сөз алып жайылым, жер учаскесі жөніндегі қордаланған проблемаларға тоқталды.

    Жергілікті билік жоғарғы құзырлы орындарға айтып ауылдағы  түйткілді мәселелерді  шешуге болатынын, және сол үшін жұмыс істейміз деп көпшілікті сендірді.

Жұмағазы  Нұрақынұлы.