Табиғи апатқа - тосқауыл қойылды

 09.08.2019ж

Қазақта «От пен су - тілсіз жау» -деген  аталы  сөз  бар. Ежелден  қалыптасқан  бұл   сөздің  мағынасында адамдардың   олардан  сақ  болуы  керек  екенін  білдіреді.

            Биылғы жылы 3 маусымда нөсер жаңбырдан су тасқыны пайда болып, Пенжім ауылының 270 үйін су басқаны  белгілі.

 

            Су  тасқынына  қарсы шұғыл шара қолданған аудан әкімі Темірлан  Бектасов  әкімдік қызметкерлерімен бірге апаттың алдын ала білді. Атап айтқанда 50-ден астам қуатты техника, 250-ден астам адам қатысқан жедел шараның  арқасында  тілсіз жау ауыздықталды. Тасқынға тосқын жасалды. Дегенмен бірнеше үй қатты зақымдалып, жарамсыз болғаны анық.

                Бүгінгі  таңда  Болат Өтемұратов және «Қызыл ай» қорлары көмек көрсетуде. Сондай-ақ үйі немесе қора-жайы бүлінген отбасыларына  іскер азаматтар қол ұшын беріп, қайырымдылық   жасай   бастады. Су тасқыны болған күні  жекеменшік техникаларымен апаттың бетін қайтарған  азаматтарға ел риза.

                Осы оқиғаға  байланысты аудан әкімдігі мен ауылдық округ әкімдігінің ұйымдастыруымен су тасқыны кезінде белсенділік  танытқан  азаматтарды  Пенжім ауылындағы дәмханаға  шақырып  оларға  ас  берді.

                Асқа  ауыл-қариялары және көмек қолын созған өзге азаматтар да шақырылды. Ас мәзірі барысында аудан әкімі Т.Бектасов су тасқыны болған жекеменшік  техникаларымен бөгет жасауға, тасқынның бетін бұруға белсене қатысқан механизаторлар мен автокөлік жүргізушілерге зор ризашылығын білдірді. Сондай-ақ  «Құрмет  грамоталарын», «Алғыс хаттарын» табыс етті, ұлтаралық татулық пен  ел іргесінің берік бола беруіне тілектес екенін атап  өтті.

                Шара барысында Пенжім ауылдық округінің әкімі Ерлан Өмірғалиұлы сөз алып  тұрғындардың үйлерін су басқанда шұғыл көмекке келген азаматтарға ризашылығын білдірді.  Сондай-ақ әруақтарға бағышталып, құран оқылды.

                Ас  мәзірі барысында аудандық мәслихаттың депутаты А.Ходжамбердиев, еңбек ардагерлері А.Надиров, Б.Молдахметов, М.Азизов, Р.Сеитов, Ә.Кәріпжанов, тағы  басқалары сөз алып ізгі ниеттерін  білдірді.

Б.Жұмағазы.