Ер есімі ел есінде

06.09.2019ж

Биылғы жылдың алғашқы білім күні ауданымызда ерекше аталып өтті. Олай дейтініміз дәл осы күні ауданымыздағы үш мектепке қазақ зиялыларының есімі берілді.

    Атап айтқанда, Көктал орта мектебіне мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі, А.Луначарский атындағы мектеп-гимназияға даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімі, ал Сәтжол орта мектебіне алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың есімі беріліп, ресми түрде ашылу салтанаттары болып өтті.

    Көктал ауылындағы көп жылдық тарихы бар білім шаңырағының енді қазақ үшін есімі ерек тұлға Дінмұхамед атамыздың атымен аталуы көптің көңіліне қуаныш ұялатты.  Себебі, оның есімі әр қазақ үшін қастерлі. Қиын-қыстау кезеңде өмір кешкен ел ағаларының басты арманы – қазақ ұлтын сақтап қалу еді. Тәуелсіздік үшін көп еңбек етіп, жандарын қиды. Сондай арда азаматтың бірі Дінмұхамед Қонаев болатын. Ол кісі халқы үшін аянбай тер төгіп еңбек етсе, халқы да оны дәл солай ұлықтады. Бар өмірін халқымен байланыстырып, халқына адал қызмет етуді мақсат тұтқан. Ақтық демі қалғанша сол мақсатын орындап, ел есінде қалды. Ендеше, осындай елім деп, жерім деп өткен ердің есімінің ұлықталуы заңды құбылыс.

    Ал, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы ел басына күн туған заманда халқы үшін жанын берген, мүддесін қорғаған дара тұлға. Осындай батыр баба атымен аталған бұрынғы А.Луначарский мектебі үшін бұл үлкен құрмет болары сөзсіз.

    Терең білім, алты алаштан тараған қазақ халқының азаттығы мен бостандығы үшін күрес - Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейхановтай кемеңгер ұлдың ерен ерлігі.

    Қазақ зиялыларының есімі берілген үш мектеп ұжымы да ұлылар есімі ұлықталып, жас ұрпаққа осындай батырларды дәріптеу құптарлық іс екенін қос қолдап қолдайтындықтарын жеткізді. Алдағы уақытта аталған үш мектеп  ұжымы батыр бабалар есімдерін дәріптеу мақсатында мектептен арнайы мұражайлар ашып, көптеген шаралар өткізуді жоспарлап отыр.

А.Қуантайқызы.