Панфилов ауданында жыл соңына қарай екі зауыт іске қосылады.

07.12.2019ж

Бұл туралы Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев "Jetysu media" алаңында өткен баспасөз мәслихатында хабарлады. Желтоқсан айының соңына қарай Қорғастағы арнайы экономикалық аймақ территориясында "КазПродГрупп" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестиция құны 150,0 млн.теңге болатын аяқ-киім шығаратын зауыт іске қосылмақ. Мұнда жаңа 30 жұмыс орны ашылады.

Ал, "Стандарт стиль" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс саласына арналған металл шығаратын зауытты ашуды жоспарлап отыр. Инвестиция құны 510,0 млн.теңге болатын зауытта 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

"Панфилов ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы" тақырыбында өткізілген баспасөз мәслихатында ауданның негізгі салаларында өсу динамикасы байқалып, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген. Мәселен, биылғы жылдың 10  айында  Панфилов ауданындағы Ауыл шаруашылық саласындағы өндірілген өнім көлемі 42,0 млрд.теңге болады деп жоспарланған болса,  10 айдың өзінде өнім көлемі 38,9 млрд.теңгені құрап отыр, жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш артығымен орындалатын болады,- дейді аудан басшысы. Панфилов ауданы дегенде жүгері алқабы еске түсері сөзсіз. 26 мың гектардан 166,2 мың тонна немесе әр гектардан 63,9 центнерден алған өңірдің қамбасы биыл толық. Қамбаға түскен жүгері дақылын қабылдайтын зауыттарда баршылық. "Жаркент крахмал-сірне зауыты" жүгерілерді тонналап қабылдаса, жоба құны 4,7 млрд болатын «Феникс Фид Миллс» ЖШС-і өндіріс қуаттылығы жылына 60 мың тонна құрайтын астық сақтау және құрама жем шығаратын зауыттың құрылысын салу жұмыстары аяқталды. Зауыт 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында іске қосылса  30 жаңа жұмыс орыны ашылмақ. Сондай-ақ, 1150 басқа арналған тауарлы сүт фермасын құру жоспарланған, жоба құны-2,6 млрд.теңге. Бүгінгі күні бұрынғы жүгері үгіту зауытының ғимаратын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, қазіргі уақытта 200 бас ірі қараға арналған 1 баздың құрылысы аяқталды. Шет елден 120,0 млн.теңгеге 124 бас асыл тұқымды сүтті бағыттағы құнажындарды алып келу үшін құжаттары рәсімделуде.

Ауданның өнеркәсіп саласында     2019 жылдың 10 айында                    9 млрд. 272,3млн.теңгенің өнімі өндірілген. Бір ғана мысал: ағымдағы жылы «Береке Жаркент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып,  өндіріс қуаттылығы күніне 9160 тонна бетон шығаратын зауытты іске қосты.

2020 жылы ауданда  50 жұмыс орынды қамтитын тамақ өнімдерін өндіретін инвестиция көлемі 300,0 млн.теңге болатын екі зауыт  ашылады. Сондай-ақ, "Элит бэйби продукшн" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сәбилерге арналған жаялықтар (памперс) шығаратын зауыт ашылмақ. Инвестиция көлемі 256 млн.теңге болса, 20 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.     

 Ал, ауданға инвестиция тарту мәселесі өткен жылғымен салыстырғанда 15 млрд.теңгеге кеміген. Қорғас арнайы экономикалық аймағындағы ірі инвестициялық  жобалардың құрылысын салу қаржы қиындығына байланысты кейінге шегерілген. Құрылыс жүргізіп жатқан инвесторлардың қомақты қаржы көлемі шетел инвестициясын құрайтынын және бүгінгі күнге қаржыландыру кестесінде ауытқулар болуына байланысты нысандар құрылысы кешіктірілуде,-дейді Талғат Өмірәлиев.

Өңірде биыл 21641 шаршы метрді құрайтын 206 тұрғын үй пайдалануға берілген. 40 мемлекеттік жалдамалы тұрғын үй мен  168 жеке меншік тұрғын үй өз иелерін тапқан. Аталған көрсеткіш 2018 жылдың сәйкес кезеңнен 26,4 пайыз артық. Сонымен қатар, биылғы жылыдың өзінде аудан әкімдігі  демеушілермен бірлесіп көп балалы 10 отбасы мен аз қамтылған 4 жанұяға баспана кілтін тапсырған. 2020 жылы Нұркент қаласында 5 қабатты 240 пәтер пайдалануға берілмек. Бұл кезекте тұрған көп балалы 497 отбасының баспана мәселесін біртіндеп шешілуіне әсер етері анық. Айта кету керек, мемлекеттік атаулы көмекті  4 487 отбасы немесе 21 338 адамға 2 млрд. 58млн.теңге төленді.  Соңғы 10 айда ауданда 1721 жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі бүгінгі күні 4,9% құрап отыр, -деді Талғат Әбенұлы.