Келер жылы Жамбылдықтар қоныс тойын тойлайды. Ал, Биыл?...

06.12.2019ж

Тоғыз жолдың торабында тұрған Жамбыл ауданы Алматы облысының экономикасының өсіп - өркендеуіне сүбелі үлесін қосып келе жатқан іргелі өңірлердің бірі.

   Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында өсу қарқыны көңіл қуантады.

   Ауданның негізгі кәсібі ауыл шаруашылығы болғандықтан бұл салада   жетістіктер аз емес. Атап айтсақ, биылғы жылы 59 млрд. 143 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102,1 % құрады.

Ауданда жалпы көлемі 699 гектарды құрайтын алма бағы бар. Кейінгі 3 жылдың ішінде 5 шаруашылықтың күшімен 264 гектар жерге бақ отырғызылған. Олардың ішінде 200 гектар жаңғақ, 31 гектар малина (таңқурай) плантациялары бар.

Биылғы жылы Ұзынағаш ауылында «Атек Агро» шаруа қожалығы 54 гектар жерге алма бағын отырғызып, 50 адамға жұмыс орнын ашқан.

 Соңғы он айдағы атқарылған жұмыстардың ең үлкені ол Шолаққарғалы ауылдық округінде «Империя Фуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылына 8 мың тонна ет өндіретін ет зауыты іске қосылып, 80 адамға жұмыс орнының ашылуы. Жаңадан пайдалануға берілген ет зауыты экспортқа 125 тонна қой етін, 80 тонна сиыр етін шығарды.

Аудан экономикасының өркендеуіне үлес қосып отырған тармақ ол      Өнеркәсіп  болып саналады.   Мұндағы өндірісінің жалпы көлемі 12 млрд. 4 млн. 800 мың теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,6 пайыз болды.

  Бюджеттің шығыс бөлігі 17 млрд. 898 млн. теңгені құрап, қаржы 99,0 пайызға игерілді.

Базыналы елдің бас ауыруына айналған тұрғын үй мәселесіде оңтайлы шешімін тауып жатқан жайы бар. Оған дәлел аудандағы аз қамтылған көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 85 млн. 500 мың теңге бөлінген болса, ал  жомарт азаматтардың қолдауымен 10 тұрғын үй сатып алынды. Және де  «29 616  шаршыметр  тұрғын үй алаңы пайдалануға беріліп, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 34,4 пайызға көбейген»,- деп мәлімдеді аудан әкімі Бағдат Байшалұлы.

Сонымен қатар әкім мырза өз сөзінде келер жылы жекенің қолына өткен жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтарып, ел игілігне пайдалануға 60 пәтерден тұратын 5 қабатты, бес бірдей тұрғын үй яғни, 300 пәтер  салынатынын атап өтті.

    Білім саласындағы жетістіктерде аз емес. 46 орта, 6 негізгі орта, 9 бастауыш мектеп пен 1 мектеп – балабақша жұмыс істеп, 31573 бала біліммен қамтылды.

    Ұлттық бірыңғай тестілеуге 726 оқушы қатысып,  аудан бойынша орташа көрсеткіш - 87,0 баллды құрады. Мектептердің материалдық техникалық базасын нығайтуға 142 млн. теңге қаржы бөлініп,  2 IT кабинеті жабдықталған.

    Денсаулық сақтаусаласында 2 аудандық аурухана, 2 ауылдық аурухана, 20 дәрігерлік амбулатория, 30 медициналық пункттер қызмет көрсетеді.

     Ұзынағаш ауылында республикалық бюджеттен бөлінген 5,4 млрд. теңге қаржыға  жаңа үлгідегі, заманауй жабдықталған 100 орындық перзентхана құрылысы аяқталуда.

   Сонымен қатар, «BI GROUP» кәсіпорны мемлекеттік - жекеменшік әріптестік арқылы жобалық-сметалық құны 3 млрд. 211 млн. теңгені құрайтын, бір ауысымда 250 адам қабылдай алатын аудандық емхана құрылысын жүргізуде. Тарғап ауылында жергілікті бюджеттен  244,8 млн. теңге бөлініп, жаңа дәрігерлік амбулатория салынды.

      Халыққа сапалы қызмет көрсету, тұрғындардың әл-ауқаты мен тұрмысын жақсарту, аудан экономикасын ілгерілету – бүгінгі күннің басты талабы.