Тұғырлы Тәуелсіздіктің бастауы болған

     13.12.2019ж

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі  -  әр қазақтың жүрегінде. Елім деп, жерім деп шырқап, намыстарын   ту  еткен  жастар  әміршіл-әкімшіл    жүйенің    солақай    саясатына     тайсалмастан   қарсы  шығып, бүкіл   әлемді   дүр   сілкіндірді.

 

    Мен де осы 1986 жылдың желтоқсан көтерілісінің бел ортасында жүріп, қанды оқиғаны көзіммен көрдім. Желтоқсанды  бастапқыда оқиға  деп  атады. Бұл оқиға емес. Өйткені, алаңға он шақты  адам  емес, бәленбай  мың  қазақ шықты. Және алаңға шыққан қазақ жастарына  «нашақор, ішкіш, бұзақылар» деген айып тақты. Ал, негізінде ол жерде бірде-бір нашақор, ішімдік ішкен адам болған жоқ, ешкім ондай жағдаймен ұсталмады да. Және ол жерге екінің бірі емес, саналы, көкірегі ояу, жүрегі елім деп соққан намысшыл жастар шықты. Олар Мәскеуден Горбачевтің жүргізіп жатқан саясатының қате,  ұлтымызды қорлайтын саясат екенін шынайы сезініп, шыдай  алмады.  Д.Қонаев қызметінен өз өтініші  бойынша алынып, орнына Г.Колбин келді.   Осыған   жастар  наразылық  білдіріп,  «бізге  қазақ  басшысы  керек, немесе  Қазақстанда туған орыс азаматы болсын» деген талап қойды. Бірақ,  Мәскеу жастардың бұл талабымен санаспай, бірден жазалауды қолға алды. Қару қолданды. Ұрды, соқты. Итке талатты, ыстық су шашты. Қалай дегенде де сол бір тоталитарлық дәуірде алаңға шықтық. Бүгінде сол алаңға шыққан өрімдей жастардың  алды 52-60-ты еңсерді. Дегенмен де, әрбір желтоқсаншының күйініші, күйзелісі  бар,  нақақ  аққан, қисапсыз  төгілген  көз жасы бар.

        Желтоқсан көтерілісінің  құпиясы көп. Оған саяси баға беріліп, Желтоқсан мәртебесі айқындалғанда ғана көп нәрсе белгілі болады. Қазақ жастары ерен ерлік  жасады. Бірақ сол үшін жазаланды. Бұл тарихта бұрын-соңды болмаған  ерлік! Желтоқсан көтерілісі тек Алматымен ғана шектеліп қалған жоқ, ол Қазақстанның  көптеген  қалаларында,  облыс орталықтарында   да   қылаң  берді.

                Желтоқсан көтерілісі-қазақ тарихы.  Ол біздің тарихымыздан өшпестей болып  орын  алуы  керек.  Желтоқсан қаһармандарының қаһарман болуы - алаңға шыққан сансыз халықтың  арқасы. Ешкімді  «шақырту қағазымен» алып барған жоқ. Мәселен, біз Ауған соғысын білеміз. Оған барғандар - соғысуға міндетті болды. Ал алаңға шыққандар-өз еркімен барды.  Осыдан өткен ерлік болмайды. Ұлттың тағдырына қарасатын, қарайласатын кезде халықтың жағдайына жүрек ауыртып күйзелетін кезде өре тұратындар-нағыз жігерлілер, жүректілер! Олар қайт деген бұйрыққа да, ештеңеге қарамай жүрек әмірімен жүрді. Бауыржан Момышұлының сөзі бар: «Елдің бәрінің бірдей патриот болуы мүмкін емес,  ілеуде  біреу  ғана  патриот  болады» деген.  Алаш арыстарының дәуірінде де, Ұлы Отан соғысында да дәл солай болған.

                Желтоқсан  – қазақ жастарының ерік-жігерімен жасалған Ұлы Ерлік. Ең өкініштісі, біз  желтоқсан  қаһармандарының  жаппай  жасаған осы ерлігін –Ерлік мектебі ретінде пайдалана алмай отырмыз, бағалай алмай отырмыз.

                Біз Отан соғысын, Ауған соғысын, Чернобыль жарылысын айтамыз. Сөз жоқ, оларда ерлік жасалды.  Бірақ ақиқатына жүгінсек, нағыз ерлік-Желтоқсан ғой! Неге десеңіз, қыз-жігіттеріміз ұлт мәселесіне қатысты алаңға шықты, таяқ жеді, итке таланды, тағдырлары  тас-талқан  болды.

                Желтоқсан ерлігі - ғаламат ерлік.

Бағдат  Бейсенқызы.