Желтоқсан - біздің жүрегімізде

20.12.2019ж

Биыл    Тәуелсіздіктің 28 жылдығы болса, Желтоқсанға-33 жыл! Әрине, тәуелсіздік оңайлықпен   келген  жоқ. Тәуелсіздік  үшін  қазақтың қаншама өр намысты ұл-қызының  қаны  төгілді.

       Желтоқсанның 14-і  күні  аудан  әкімі Талғат Өмірәлиев 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысқан, дүрбелең оқиғаның бел ортасында  жүріп, дүбірлі дүрмектің алауын жаққан, соның салдарынан тоталитарлық жүйенің  жазалауына ұшыраған Ерік Шәймерденов  пен Бағдат Айтмұқаеваны қабылдады.

            -Өздеріңіз білесіздер ауданда Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарға үлкен құрмет көрсетіледі.  Желтоқсан көтерілісі кезінде құрбы-құрдастарының алдыңғы сапында жүріп, қаза тапқан Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асановаға ескерткіш орнатылған.  Олардың есімдері мектепке, мұражайға, көшелерге берілген. Жалпы мен өз басым қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткізуінің бастауында желтоқсандықтар тұр деген тұжырыммен толық келісемін. Дегенмен, әлі талай ашылмаған ақтаңдақтар барлығы анық. «Барлығына уақыт төреші» демекші, олар да өз кезі келгенде халыққа мәлім болады.  Сіздерді  мерейлі  мерекелеріңізбен   құттықтаймын. Еліміздің ертеңі үшін еңбек ете берейік»,-деген аудан басшысы Тәуелсіз елдің көкбайрағы  ерікті елдің аспанында еркін желбірей берсін деген тілегін білдірді.  Желтоқсаншыларға сый-сияпатын табыстады.

            Бұдан соң  Панфилов аудандық «Жаркент өңірі» газетінің директор-бас редакторы, желтоқсаншы Бағдат Айтмұқаева сөз алып, өздеріне көрсетіліп жатқан құрмет үшін ризашылық сезімін білдірді.

            Ж. Бейсебек.