Жаңарған шағын орталық қолданысқа берілді

30.12.2019ж

Бүгін Ескелді ауданының Мелькомбинат елді мекенінде мектепке дейінгі шағын орталық қолданысқа берілді. Жаңа жылдың қарсаңында есігін бүлдіршіндерге ашып отырған орталыққа 5 ай көлемінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

 Жөндеу жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында жүзеге асты. Шағын орталықтың ашылу барысында аудан әкімінің орынбасары Е.Ахметов жиналған қауымды құттықтап, толымды табыстар тіледі.

        Айта кетсек, шағын орталықтың ішкі бөлмелерінің қабырғасы, едені жаңарып, жаңадан есік-терезелер орнатылды. Сонымен қатар орталықтың маңына балалар ойнайтын алаң салынды.

Мұндай қуаныш Мелькомбинат елді мекенінің бүлдіршіндері мен ата-аналар үшін көптен күткен тосын сый болды.

Алдағы уақытта «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы әлі талай елді мекендердің ажары ашылып, көптеген ғимараттар бой көтерері анық.