Медиатор марапатталды

0602.2020ж

Ақпан айының 5-і күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында ауданымыздың «Құрметті азаматы», кәсіби емес медиатор Е.Сәбденбековке «Үздік бітімгер» төсбелгісін тапсыру рәсімі өтті.

 Жиналысты аудан әкімінің орынбасары Ш.Құрбанов ашып, жүргізіп отырды. 

Шараға аудандық сот, прокуратура және әкімшілік қызметкерлері, депутаттар, жастар мен еңбек ардагерлері қатысты.
Онда Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты Төрағасының 2020 жылғы 28 қаңтардағы өкімімен өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан ардақты қариямыз, Панфилов ауданының «Құрметті азаматы», Ерғали Сәбденбеков «Үздік бітімгер» төсбелгісімен марапатталғаны айтылды.
Бұл төсбелгі Қазақстан бойынша үш-ақ адамға беріліп отыр. Сондай-ақ медиатордың өмірбаяны мен қызметі жөнінде қысқаша баяндалып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Ж.Асановтың «Марапаттау туралы» өкімі оқылды.
Шара барысында Панфилов аудандық сотының төрағасы Берік Күзембаев төсбелгіні салтанатты түрде тапсырды. Аудан әкімінің орынбасары Ш.Құрбанов ардагердің иығына шапан жауып, гүл шоғын сыйлады. Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Р.Мағрупова, еңбек ардагері К.Сералиев, аудандық мәслихаттың депутаты Т.Оспанов, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Досмайлов, тағы басқалары сөз алып, ізгі тілектерін білдірді. Бұл күні Е.Сәбденбековке орталық базар басшылығы атынан да сый-құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылды.
Шара соңында Е.Сәбденбеков сөз сөйлеп, заң қызметкерлеріне, көпшілікке шынайы алғысын білдірді. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ш.Құрбанов қорытындылады.
Ж.Бейсебек.