Игі бастаманың ізгілігі мол

 13.03.2020ж

Биылғы жылды аудан әкімі Т.Өмірәлиев  «Тазалық жылы» деп жариялаған  болатын. Өңір басшысының ресми қаулысы шыққаннан бастап өңірдегі тазалық айлығы жылдағыдан ерте басталып, жұмыс қарқынды түрде жүргізіліп жатқандығына куә болудамыз.

 

            Шындығында, адамның денсаулығы - қоғамның басты байлығы. Әр адам өз денсаулығының мықты болуын ойлап, соған орай әрекет еткені абзал. Бұл тұрғыда адамның өмір сүріп отырған ортасының  тазалығының орны ерек. Тазалық - көңіл-күйдің көтеріңкі болып, еңбекке деген құлшыныстың артуына себеп болары анық.

            Осы орайда қаланың тазалығы, әдемі әрі жасыл желекке оранып тұруы әрбір адамның сүйіспеншілігі мен  шығармашылығын қажет етеді. Соңғы жылдары өңіріміздегі атқарылып жатқан істердің ауқымы кеңейіп, күн санап қарышты дамуда. Сол  себепті   тазалық  мәселесі алдыңғы  орынға  шығып, қолға  алынғаны  көңіл  қуантады.

            «Тазалық-табалдырықтан басталады»,-деген сөз бар халықта.  Ауламыздың тазалығына  мән беріп, ретке келтіру, тек санитарлық талап  қана  емес, мәдениеттіліктің айшықты көрінісі. Ауданымыздағы әр отбасы  өз үйінің ауласын ғана ретке келтірумен шектелмей ауыл,  қала тазалығына да өз үлестерін қосса жазиралы Жаркент мекені республикадағы таза өңірдің біріне айналары анық. Бұл аудан атын шығаруға ғана емес,  әр адамның өзі өмір сүріп отырған ортасына деген мәдениетінің  белгісі  болмақ.

            Жуырда аудан әкімдігінің бастамасымен сенбілік жұмыстар жүргізілді. Бұдан соң сенбілік  жұмыстар дәстүрлі  эстафета  ретінде  мемлекеттік мекемелерге жолданды. Сол секілді қалалық, ауылдық елді-мекендегі әрбір көше тұрғындары осы игі дәстүрді ары қарай жалғастырса  нұр үстіне нұр болмақ.

            Дамыған мемлекеттерде тазалық мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Әрине біздің еліміз әлемдегі ең таза мемлекеттермен қазірге теңесе алмас. Десек те аталған елдер де бірден бүгінгідей жағдайға жетпегені мәлім. Ендеше, бірлігімізді бекемдеп, жұмылған жұдырықтай еңбектенсек, еліміз ең таза мемлекет қатарына қосылары анық.

            А.Қуантайқызы.