Шыбық шаншы, ағайын!

13.03.2020ж

 «Артыңда мал қалғанша тал қалсын», дейміз.  Ауылда кейбір үйдің ауласында ағаш өсіп тұрады, екінші үй жасыл желегі жоқ, жып-жылмақай, сұрықсыздау соған қарап-ақ үй иелерін танығандай да боласың.

Рас, бір  ауылда сол ағаш өсіру, оны күту айтарлықтай тауқыметті шаруа.Су да тапшы болуы мүмкін, көшетін табу да оңай болмас. Әңгіме сонда ғой. Біреулер сол қиындыққа қарамай өсіреді, сонысы үшін де бағалы. Үлкеншыған округіндегі   Әмролла  ағаның жеміс бағын көріп таңданамыз. Жәй ағаш емес, жеміс бағын өсіріп, жемісін жұртқа жегізіп отыр. Жұрттың бәрі сондай болса, өміріміз көркейе түсер еді деген ой бірден көңілге  оралады.

                 Ағаш егу, шыбық шаншу көктемде, не күзде  жүргізіледі. Ал   жақсылық   жасасам   деген  ниетте жүрген адамға ағаш егу, шыбық шаншу ең оңтайлы, үрдіс. Ондай адамдарға айтарың: басқаларға, ең алдымен ауыл, мектеп басшыларына, ауыл ағаларына ойыңды жеткіз. Біреу болмаса, біреу қолдайды. Ауылдың әр адамы, мектептің әр оқушысы жылына бір түп ағаш отырғызып, бір шыбық шаншыр болса, он жылда ауыл өзгеріп сала береді. Тіпті бір көше бастама көтерсе, екіншісі қолдайтыны анық. Алда ағаш егетін, шыбық шаншитын кез келе  жатыр. Соны ұмытпасақ, Біреуіміз ұмытсақ, екіншіміз еске салсақ, сонда бір игі іске негіз қаланар еді-ау дейсің.

                Оңтүстік Кореяда ағаш егу мерекесіне бүкіл отбасы болып қатысады. Бір елдерде ағаш егудің заңдық та күші бар. Көрші Қытай елінде 11 жас пен 60 жас аралығындағыларға жылына 35 түп ағаш ету міндет саналады екен.  Филиппин елінде жыл сайын 5 түп ағаш екпеген адам азаматтығынан айырылады.

Бағдат  Бейсенқызы.