ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ - ӘЛЕМДІ ҚҰТҚАРАДЫ

17.04.2020ж

Әлем халықтарын алаңдатып отырған пандемия біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Елдегі барлық  кәсіпорындар мен көптеген мекемелер жұмыстарын тоқтатты.

Көліктер мен ұшақтар қозғалысы тоқтады. Ірі қалаларда індет табылған тұрғын үйлер белгілі уақыттарға қарантинге жабылды. Адамзат тіпті туыс-туғанымен қатынаса алмай қалды. Планетаны дүрліктірген індетті бүгінде 1,5 миллионнан астам адам жұқтырып алса, күн сайын әлем бойынша ондаған мың адам осы дерт салдарынан көз жұмуда.

COVID-19 вирусына байланысты төтенше жағдай  кезінде мемлекет тарапынан елдің

барлық өңірлеріне қайырымдылық  көмектер көрсетіліп жатыр. Сақтық шаралары да барынша күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. #бізүйдеміз, #мыдома,  #BizBirgemiz және т.б. акциялар ұйымдастырылды. Қайырымдылық – мейірімділіктің іс жүзіндегі бір көрінісі. Елімізде болып жатқан төтенше жағдай кезінде #BizBirgemiz қайырымдылық акциясының аясында Көктал ауылының тұрғыны, Алматы облысының және Панфилов ауданының «Құрметті  азаматы», Жақыбаев Базархан  Төреханұлы Көктал, Үшарал, Жаркент қаласындағы аз қамтылған әлеуметтік көмекке мұқтаж 200  отбасына 3 бас ірі қараның 495 кг етін таратты. Көмекке мұқтаж адамдардың тізімін жасауға Көктал ауылдық әкімдігі ұйтқы болды. Сондай-ақ 3 бас ірі қараны союға және сол етті таратуға көмек көрсетті.

«Ұлт денсаулығы мен мемлекет  қауіпсіздігі – бір-бірімен етене, егіз  ұғымдар. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды»,-деп халық алдына екінші мәрте шығып үндеу жасаған еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев баяндаған болатын. Иә мемлекет  тарапынан көрсетіліп жатқан көмек осындай қиын-қыстау кезеңде халыққа  үлкен қолдау болды. Осындай қиын кезеңде мемлекетке ғана  үміт артып отырмай, өз еңбегінің  адал жемісін көріп отырған атымтай жомарт азаматтардың да халыққа көрсетіп жатқан қолдаулары орасан. Соның бір дәлелі ретінде  қиын сәтте ауылдастарына демеу болған қайырымды азамат  Б.Жақыбаевтың ісі жас ұрпаққа үлгі болары анық.

А.ХАМЕТЖАНОВА