ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ТҰЛҒА

25.05.2020ж

Президентіміздің Жарлығымен биылғы жылы 1150 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде атап өтіліп жатқан әлемдік     ақыл-ойдың алыбы, түбі бір түркі жұртының мақтанышы Әбу Насыр Әл-Фараби: «Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің      өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, ол мақсат тек кездейсоқ рахат үшін емес, шынайы игілік үшін бағытталуында» деген екен.

Ұлы даланың ұлағатты тұлғасы қалдырған осынау оймақтай ойдың өн бойына бір мектеп қана емес, бүкіл бір академия беретін          баға жетпес білім қазынасы сыйып кеткендей. Иә, «Отанға деген сүйіспеншілік – өркендеген адам баласының бірінші артықшылығы» демекші, туған ел мен кіндік қаны тамған киелі өлкеге деген перзенттік парызын қапысыз сезінген азамат үшін халқына қалтқысыз қызмет етіп, тұтас ұлттың тұнық махаббатына бөленуден артық қандай абырой болсын. Тамыры терең, тарихы кенен, қазынаға толы қойнауында даңқты бабалардың өнегелі        ізі мен өміршең сөзі сайрап жатқан жер жәннаты Жетісу жері        тау тұлғалы мұндай азаматтарға кенде емес. Солардың бірі болсада бірегейі биыл 80 жастың сеңгіріне қадам басып отырған көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Асылмұрат аға Тұрғанбеков десек артық айтпаған болар едік.

                Өткен ғасырдың 40-ыншы жылдары өмір есігін ашқан           аға буын өкілдерінің бал дәурен балалық шағы алапат соғыстан кейінгі алмағайып кезеңмен тұспа-тұс келгенін баршамыз        жақсы білеміз. Қаршадайынан ауыр еңбектің қазанында қайнап, шар болаттай шыңдалып өскен қатарластары сияқты халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарындағы тіршілік тынысы Асылмұрат ағамызды да ерте есейтті. Орта мектепті бітірген соң «Арасан» колхозындағы шағын су электр станциясында электрик-машинист, Лепсі шеге зауытында шеге жасаушы болып жұмыс істеп, кейіннен Алматы малдәрігерлік институтының зоотехникалық факультетіне оқуға түскен. Одан жоғары білімді зоотехник мамандығын алып шығып, туып өскен ауылындағы Ақсу колхоз-совхоз өндірістік басқармасында инспектор-ұйымдастырушы,               Абай атындағы колхозда зоотехник болып жұмыс атқарды. Тумысынан талапты да жігерлі ағамыз көп ұзамай басшылықтың сенім білдіруімен, Ақсу аудандық комсомол комитетінің        бірінші хатшысы болып тағайындалды. Қазақстан Орталық  комсомол комитетінің аппаратында жауапты қызмет атқарды.    Одан кейінгі жылдарда  Андреев аудандық атқару комитетінің төрағасы, Талдықорған облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы, Талдықорған, Панфилов аудандары партия комитетінің бірінші хатшысы және аудандық депутаттар Кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарады. Еліміз егемендік алғаннан кейін Алматы облысы әкімінің орынбасары лауазымына дейін көтерілді.

                Асылмұрат Тұрғанбекұлы басқарған жылдары ауданымыздың экономикалық даму көрсеткіштері жоғарылап, өңірімізде көптеген оң өзгерістер орын алды. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, денсаулық сақтау сияқты жетекші салаларда көптен бері қордаланған күрмеуі қиын түйткілді мәселелердің түйіні шешіліп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсарумен бірге,              мәдени жұмыстар кеңінен өріс алып, аймақтың рухани әлеуеті де арта түсті. Ағамыз басшылыққа келген алғашқы күннен бастап    ұлы жібек жолының бойындағы түгін тартсаң майы тамып,       шөбін тартсаң шырыны сорғалайтын осынау құнарлы да құтты өлкенің қойнауын игілікке кенелтуге жасампаз жұртты жұмылдыра білді. Ел ырысын еселеу жолында ыждағаттылықпен атқарылған        шаруа мен тындырымды еңбектің әрқашан өз жемісін бермей қоймайтыны анық. Аз уақыт ішінде аграрлы аймақта жүгерімен қоса басқа да ауыл шаруашылық және техникалық дақылдардан алынатын өнім мен өсімнің көрсеткіші еселене түсті. Аудан орталығы және жекелеген елді мекендерде кәсіптік-техникалық училище мен балабақша, құс өсіретін фабрика, ет комбинаты, сауда орталығының ғимараты мен басқа да сәулетті нысандар салына бастады. Жаркент қаласындағы орталық саябаққа осы өңірден шыққан Кеңес Одағының батырлары мен Социалистік Еңбек Ерлерінің еңселі мүсіндері орнатылып, «Батырлар аллеясы» бой көтерді. Сонымен қатар, Асылмұрат Тұрғанбекұлы өңірдегі қазақ халқымен қоса әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінен құралған аудан тұрғындары арасында достық пен ұлтаралық келісімнің нығаюына, азаматтық бейбітшілік пен халықтар бірлігінің артуына біліктілікпен басшылық етті. Жаркентті ғана емес, Ескелді, Ақсу аудандарын  басқарған жылдары да жұрттың көңіліне қуаныш ұялататын осындай көптеген игі істердің жүзеге асуына ұйытқы бола білді. 

                «Ел ерімен еңселі» дегендей, азаматын ардақтау, дәріптеуге лайықты тұлғаларын төріне шығарып, төбесіне көтеру -халқымыздың қашаннан қанына сіңген қасиет. Өйткені, ондай тұлғалардың өмірі мен өнегелі еңбек жолы кейінгі толқын үшін терең білім мен таусылмас тағылым алатын үлкен мектеп іспетті. Бүгінде үзеңгілес замандастары мен қызметте әріптес болып бірге еңбек еткен әр алуан мамандық иелері ағамыздың азаматтық болмысын шексіз ризалықпен тілге тиек етеді. Шынайылық пен шындықты, адалдық пен ақиқатты тұғыр еткен тұлғалық қасиетінен бастап, ұжымдық еңбектегі ұтымды ұйымдастырушылық қабілеті мен қайраткерлік қырын әлі күнге дейін аңыз қылып айтады.

                Халқымызда «Өсетін елдің қарты қазына болар» деген      аталы сөз бар. Бүгінде 80 жастың сеңгіріне қадам басып отырған Асылмұрат ағамыз алтын уықты үлкен әулеттің ардақты атасы, алқалы жұрттың абыройлы ақсақалы ретінде ел бірлігін нығайтуға, жастарды отансүйгіштікке, адал еңбекке баулуға белсене атсалысып келеді. Осы орайда мен өзімнің және аудан тұрғындарының атынан Асылмұрат ағамызды сексен жылдық торқалы тойымен шын жүректен құттықтай отырып, деніне саулық, әулетіне амандық, отбасына ортаймас бақыт пен береке тілеймін! Жасыңыз жүзден ассын! Қазыналы елдің қадірменді қариясы қалпыңызбен аман-есен жүре беріңіз!

Талғат  ӨМІРӘЛИЕВ,

Панфилов ауданының әкімі