көптің күшімен көпір салынды!

17.07.2020ж

Көпір салу – сауапты істердің ең үлкені. Оның қажеттілігін округке қарасты Сарытөбе ауылы мен Қоңырөлең ауылының С.Сейфуллин көшесінің тұрғындары жақсы біледі. Барар жеріңде ағынды су кездесіп, көпір болмаса, жолың кесілетіні сөзсіз. Осыған орай, қыс мезгілдерінде, жауын-шашын, қолайсыз ауа-райында тұрғындар мен оқушылар қиналып жүрген жерден өткел ретінде жаяу жүргіншілерге көпір салынып, халыққа пайдалануға берілді.

 

Әрине, кішігірім ашылу салтанатын ұйымдастырсақ болар еді. Бірақ, біз үшін енгізілген карантинге сәйкес халықтың денсаулығы мен амандығы бірінші орында. Бұл бастама Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойы қарсаңында 30 игі шара аясында қолға алынды. Жаяу жүргіншілерге арналып Сарытөбе ауылынан салынған ұзындығы 31 метр, ені 1,20 метр құрайтын көпірге жалпы сомасы 1 035 000 теңге, ал Қоңырөлең ауылы, Қожбанбет би көшесі мен С.Сейфуллин көшесін жалғастыратын көше аралық ұзындығы 20 метр, ені 4 метр болатын өткелге жалпы соммасы 100 000 теңге қаражат жұмсалған. Бүгінгі күнде осы сауапты іске ауыл тұрғындары ұйымдасып, еңбек қолын шығарып бірлікпен атсалысудың арқасында құрылыс жұмыстары аяқталды.
Аталған көпірлердің құрылыс жұмыстарының аяқталуына орай карантин ережелерінің барлық санитарлық нормаларын сақтай отырып шағын түрде ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Салтанатты шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қайырымдылық және уахыб істері бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев, Алматы облысы Талдықорған өңірінің бас имамы Ардақ Оразбаев, аудандық мешіттің бас имамы Серік Шәріп қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, игі тілектерін жеткізді.
Осы аталған екі бірдей көпірдің салынуына қаржылай көмек көрсетіп, атсалысқан аудан имамы Серік Шәріп және Қоңырөлең ауылының имамы Бауыржан Сатыбалдиев, Сарытөбе ауылының имамы Қанат Қоқымбековке алғысымыз шексіз. Сондай-ақ осы жұмыста еңбек күшін ұйымдастырып, басы-қасында жүрген Сәкен Алпеиісов ағамызға, Мұсағали Кәрібаев пен Марат Әшекеевке облыс имамы атынан «Алғыс хат» және қасиетті Құран кітабы сыйға берілді. Осы азаматтарға және осы игі істе қол ұшын созған барлық азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Осы іспеттес игі бастамалар округімізде тұрақты болып тұрғай.
Елтай Қожақов,
аудандық мәслихат депутаты.