Алматы облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру орындары жаңартылған жүйеге көшеді.

02.09.2020ж

Облыстағы жалпы орта білім беретін ұйымдармен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру жүйелерінде де қашықтықтан оқыту барысында нәтижелі жұмыстар жүргізілуде.

 

2020 жылғы 27 мамырдағы Ұлттың қоғамдық сенім кеңесі отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмаларын орындау мақсатында,техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде академиялық дербестікке көшу және кредиттік технологияларды енгізу қажет.

         « Биылғы жалдан бастап, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары жаңартылған білім беру мазмұнына көшіп, жалпы білім беретін пәндердің оқу  бағдарламаларын игереді. Осыған байланысты, колледждерге облыстық бюджеттен 136 млн.теңге көлеміндегі  қаражат 10 сыныптың оқулықтары мен оқулық кешендерін сатып алу үшін бөлінді », - дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли.

Облыстағы 5 колледжде «Жас маман» жобасы аясында «Графикалық дизайн»,  «Веб дизайн және әзірлеу», «3-D моделдеу» және «Құрылыс және коммуналдық шаруашылық «Нан пісіру, макарон және кондитерлік өндірісі» және «Сүт өнімдерінің өндірісі», «Аспаз», «Автомобиль көлігіне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандықтары бойынша орталықтар ашылды.

Сонымен қатар,  «Жас Маман» жобасы негізінде  1,6 млрд.теңгеге сатып алынған заманауи өндірістік жабдықтар, еңбек нарығына ең жақсы халықаралық стандарттар мен тәжірибелерге сай келетін білікті кадрларды даярлауға мүмкіндік береді.

Атап айтсақ, биылғы жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен бөлінген 1,1 млрд. теңге қаражатқа, Шелек политехникалық колледжінің оқу ғимараты күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті. Сонымен қатар, Талдықорған агро-техникалық колледжінің жатақханасына ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.