Қарасай ауданында дене шынықтыру сауықтыру кешені қолданысқа берілді

25.09.2020ж

Тұрғындар үшін көптен күттен баламасы жоқ спорт кешені есігін айқара ашты.

Аталмыш ғимарат Қарасай ауданына қарасты Райымбек ауылында орналасқан. Ашылу салтанатына өңір басшысы Амандық Ғаббасұлы арнайы келді.

 

Кешен мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында салынған. Басты мердігер «СК «Элитстрой проект» ЖШС болып табылады. Нысанның аумағы 1,6 гектарды алып жатыр. Ғимараттың бой көтеруіне 1 млрд. 782 млн. 785мың теңге қаражат бөлінген. 

 Көрсең көзің тоятын, сәулеті келіскен кешен 3 блоктан тұрады. Мұнда спорт сүйер қауымға керектінің бәрі бар.  

1-блок күрес және бокс түрлерімен айналысуға, сондай-ақ жаттығу сабақтарына арналған әмбебап залдан құралған. Ал, 2-блок екі қабатты, сонымен бірге жертөлені қамтиды.

  Жертөледе техникалық, киім ауыстыру бөлмесі мен жуынатын жер орналасқан. Одан бөлек, би және сауықтыру гимнастикасының әр түрлері бойынша сабақтар өткізуге арналған зал да бар. Сондай-ақ, үстел теннисін үйренуге де жағдай жасалған. Кір жууға арналған орынды да жертөледен кездестіруге болады. Екінші қабатта әкімшілік, конференц-бөлмелері жайғастырылған. 

 3-блокқа келетін болсақ, шағын футбол, волейбол, гандбол ойындарына арналған 325 орындық трибунасы бар әмбебап залды көруге болады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарда назардан тыс қалмаған. Блокта ерекше күтімді қаждет ететін жандарға арналған 6 орын қарастырылған. 

Сондай-ақ, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің қоршалған аумағында күндізгі және түнгі уақытта футболмен айналысуға арналған жасанды жабыны бар футбол алаңы, балалар ойнайтын жер, тренажерлер орналасқан. Ғимарат аумағында 91 орынға лайықталған автотұрақ жасақталған.

Баршаға ортақ қуаныштың іске асуы Президентіміздің Халыққа Жолдауында айтқан бұқаралық спортты дамыту, туған жерін көркейту керек деген бастамасының жолға қойылғандығының айқын көрінісі болып табылады. 

«Меценаттардың экономиканың басқа салаларымен қатар спортқа қолдау көрсетуі өскелең ұрпаққа қызмет еткені деп түсінеміз. Осындай игі істің атқарылуына мұрындық болған СК «Элитстрой проект» құрылыс компаниясының төрағасы, меценат Бекзат Сарманов және Қайрат Оразбековқа ризашылығымызды білдіреміз»,-деді өңір басшысы Амандық Баталов өз сөзінде.  

Кешен заманауи жабдықтармен жабдықталған. Мұнда аудан жұртшылығы үшін спортпен айналысуға барлық мүмкіндік жасалынған. 

Жыл сайын дене шынықтыру мен спорт саласын дамытуға бөлінетін қаржы көлемі артып, спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Оған дәдел, бір ғана Алматы облысында дәл осындай тағы 6 кешеннің қолданысқа берілуі болмақ. 

 Алдағы уақытта, жаңадан ірге тасы қаланған нысанда республикалық және халықаралық деңгейде жарыстар өткізіледі деп күтілуде. Дәл осы еңселі ғимараттан , еліміздің намысын қорғайтын, еңсесі биік жас спортшылар шығады деген сенім мол. 

Анар САБЫРОВА