Тәуелсіздік - мәңгілік елдің тұғыры

22.10.2020ж

Дәл осы тақырыпта Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қазан айының 20 жұлдызында Алматы облысының "Көркемөнер галереясы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының "Әбілхан Қастеевтің көркемсурет галереясы" Панфилов аудандық филиалы ұжымы мен "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының "Атамекен" тарихи-мәдени орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бірлескен ұйымдастыруымен тақырыптық-экспозициялық жылжымалы қор көрмесінің ашылу салтанаты болды.

 

         "Атамекен" тарихи-мәдени орталығының" аға ғылыми қызметкері, PhD докторанты Алпамыс Жалғасұлы көрменің ашылу салтанатын жүргізіп, Елбасына берілген құнды сыйлықтармен таныстырды. Көрме таныстырылуынан кейін аудандық "Нұр Отан" партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Досмаилов сөз сөйлеп, Елфалғысын білдірді. Одан кейін сөз кезегі "Әбілхан Қастеевтің көркемсурет галереясының" меңгерушісі Берік Әбілханұлына берілді. Жылжымалы қор көрмесін ауданымызға әкеліп жатқан "Атамекен" тарихи-мәдени орталығына рахметін айтқан Берік Әбілханұлы көрменің бір апта көлемінде "Әбілхан Қастеевтің көркемсурет галереясында" тұратынын жеткізді.

         Сонау Шамалғаннан келген  жылжымалы қор көрмесіне Елбасына сыйға  берілген домбыра, күнтізбе, сертификатымен бірге кәдесыйлық табақ, Израиль Премьер-министрі Э.Барактан Иерусалим қаласы бейнеленген қалам салуға арналған құрал, Елбасына сыйға берілген швейцариялық қол сағаттар және тағы басқа да Тұңғыш Президентпен байланысты кәдесыйлар, кітаптар қойылды. Көрмеде көрерменнің назарын ерекше аударғаны - Елбасының шахматы болды. Шахматтың ерекшелігі сол, фигуралары қоладан құйылып, түрлі-түсті етіп боялған, лакпен өңделіп, көркем безендірілген әрі ерекше жасалынған.

         Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмеден Елбасының ерен еңбегі мен саяси қайраткерлігі арқылы еліміздің сыртқы саясаттағы басымдылығын байқауымызға болады. Көрмедегі әр елдің беделді азаматтарының Елбасымызға тарту еткен сыйлары осының дәлелі бола алады.

         "Әбілхан Қастеевтің көркемсурет галереясы" Панфилов аудандық филиалы ұжымы мен ""Атамекен" тарихи-мәдени орталығының" ұйымдастырған осындай жастарды да елін сүюге, рухты болуға тәрбиелейтін көрменің көп болуына тілектеспіз! Ең бастысы, тәуелсіз елдің тұғыры берік болсын!

Балерке  Кеңесбай.