Еңбекпен жұлдызы жанған жан

22.01.2021ж

Жазиралы Жаркент өлкесі аграрлы аудан. Өңіріміздегі қолға алынған іргелі істер қай кезде де танымал жандар тағдырымен сабақтасып жатады. Осы аймақтағы еңбегімен танылған аға ұрпақтың өткен жолы әрқашан үлгі-өнеге болмақ. Солардың қатарында сегіз бірдей Кеңес Одағының батыры, Еңбек Ерлері, әдебиет пен өнер, білім мен ғылым саласында, мемлекеттік, қоғамдық қызметте жұлдызы жанған жандар қатары қаншама.

Бейбіт жылдардағы халық шаруашылығын қалпына келтіру майданында еселі ебегімен сол кезеңдегі ең жоғарғы награда Социалистік Еңбек Ері атағына өңіріміздің сегіз бірдей саңлағы қол жеткізді. Оның ішінде Мәриям Ниязова апамыздың есімі барынан дүйім жұрт хабардар. Ендеше апамыздың өнегелі өмір жолына шолу жасап, мақаламызға арқау етсек.

Мәриям Ниязова 1931 жылы 17 қаңтарда Жаркент өңіріндегі Қас ауылында дүниеге келген. Оның әкесі Асқар Ниязов өткен ғасырдың басындағы төңкеріске қатысып, 1920 жылы Түрікменстан мен Өзбекстандағы басмашыларға қарсы күресу үшін Алматыда жасақталған қызыл әскер полкінің жауынгері болып, азамат соғысы аяқталған соң өскен өңірі Жаркентке қайта оралды. Еліне келген соң жергілікті жерде ұжымдық шаруашылық ұйымдастыру жұмысына белсене араласты. Аса сауатты болмаса да іскерлігімен елге танылып, 1932 жылы Жаркент қалалық кеңесінің төрағасы, 1934 жылы аудандық атқару кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. Сонымен қатар, соғысқа дейінгі жылдарда көршілес Ұйғыр ауданындағы «Еңбек» ұжымды шаруашылығы басқармасының төрағасы, Үлкен Ақсудағы тұтынушылар Одағының басшысы қызметтерін атқарып, Жаркент өңіріндегі Каганович шаруашылығын басқарған екен. Соғыста панфиловшылар дивизиясында жауға атой салған жауынгердің бірі. Міне, осындай ардагердің тұңғышы әрі кейінгі төрт ұлының ортасындағы жалғыз қызы Мәриям соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында еңбекке ерте араласты. Үнемі тынбай атқарған еңбегінің арқасында ортасының сый-құрметіне бөленіп, биік наградаға қол жеткізді.
Бізде ең қадірлі, ең құрметті адам - еңбек адамы. Отанымыз оларды мақтаныш етеді, мерейін көтеріп, құрметке бөлейді. Мәриям Ниязова апамыз да сондай құрметке бөленген жанның бірі. Апамыз Социалистік Еңбек Ері деген құрметті атаққа және екі рет Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы ордендерімен, медальдармен наградталған. Талай рет Одақтық және республикалық халық шаруашылығы көрмелерінің жүлдегері атанған. 1967 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты және Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының мүшесі болып сайланған. Сондай-ақ бірнеше рет халықаралық үлкен форумдарға қатысып, өрелі істерімен өркені өскен совет әйелдерінің қандай биіктерге жеткенін де паш етеді. М.Ниязова өзінің «Дала падишасы» кібатында: «Біздің еліміздегі еңбекке, еңбек адамына деген құрмет пен абырой, міне осындай» - деп еліміздің еңбек ерлеріне жасалған құрметіне риза боғандығын жеткізген болатын.
Осы тұста жоғарыда аталған кітабындағы «Колхозым-өмірбаяным» атты тарауында еңбек жолы туралы әсерлі естеліктерімен бөліскен екен. Төменде осы әңгімеден қысқаша үзінде келтіре кетуді жөн көріп отырмын.
«...Қиындық неге болмасын, болды ғой. Тұйыққа тірелгенім де бар. Ұмытпасам, 70 жылдардың ортасы ғой деймін, егістік түгел қылтиып шығып қалған кез болатын. Өнім жаман шығып қалған кез болатын. Өнім жаман болмайды ғой деп топшылағанмын. Бірақ соның бәрін қолайсыз аспанға бұлт үйірілді де, температура күрт төмендеп кетті. Сол түні бұршақ жауды. Ертеңгісін егістікті түгел бұршақ соғып кеткенін көрдім. Өз көзіме өзім сенбей, аңырып тұрып қалыппын. Басқа егістіктерді де бұршақ соққан екен, бірақ біздің звеновойдан емес оларда үміттенетіндей өсіндер қалыпты.
Шынын айту керек, қатты қиналдым: «Мал жайып жібергеннен басқа жол қалмағаны ма? Тұйыққа тірелді деген осы болар». Колхоз басқармасының кеңесінде де пікірді өзімнен күтті. Әрі ойлап, бері ойлап, барлығын түгел қайта бастау керек деп шештім. Басқаларға да осыны айттым. «Бұл мүмкін емес қой, оған күш қайда, тіпті мезгіл де өтіп кетті емес пе» десті басқарманың бір сыпыра мүшелері. Қиындықтан шығудың бірден-бір жолы осы деп бекіндім де, айтқанымнан қайтпай тұрып алдым. Ақыры тұқымды қайта себу керек деп шешілді. Жасыратыны жоқ оңай шауа болған жоқ. Барлық звено мүшелері бел шешпей жұмыс істеді...»
Кітаптан алынған осы бір кішігірім үзінді апамыздың еңбекті қаншалықты сүйіп атқарғандығын, әйел заты болса да ешқандай қиындыққа мойымай қарсы тұра білген қайсарлығы бүгінгі біз сияқты жас буынға үлгі-өнеге болары ақиқат.
Мәриям Ниязова 1988 жылы бар-жоғы 57 жасында өмірден өтті. Тірі болғанында бұл күндері арамызда 90 жылдық торқалы тойын атап өтуші еді. Бар өмірін адал еңбекке арнаған Еңбек Ерінің есімін жерлестері ешқашан ұмытпақ емес.
Өмірін жүгері өсіруге арнаған ардагер ананың ісін бүгінгі таңда «Мәриям Ниязова» ЖШҚ төрағасы, оның қара шаңырағының шырақшысы, інісі Нұрмұхамет Ниязов жалғастырып келеді. Жаркент қаласындағы бұрынғы өзі тұрған көше Еңбек Ері Мәриям Ниязованың есімімен аталады. Оның еліне береке берген ерен еңбегі бүгінгі өскелең жастарға өшпес өнеге.
А.Хаметжанова.