Қаламмен кешкен тағдыр иесі БЕКСҰЛТАН НҰРЖЕКЕЕВ – 80 жаста

19.02.2021ж

Қазақ әдебиеті дейтін шексіз айдында жүзіп жүрген жазушылар көп-ақ. Бірақ, сөз таныр жұртқа өз қаламынан туған ерекше шығармаларымен, туындыларымен оқырман жүрегінен орын алғандары санаулы-ақ.

Солардың бірі әрі бірегейі ретінде озық ойлы, қаламы ұшқыр жазушы Бексұлтан Нұржекеевты  айтуға толықтай негіз бар. Себебі Жазиралы Жаркент өлкесінен шыққан нар тұлғалы Бексұлтандай атамыз  әдебиетте өзіндік стилімен ерекшеленетін әрі ой-өрнегі ұшқыр, қайталанбас      туындылары бар, өз талантын өзгелерге мойындата білген жазушы. Ол әдебиет әлемінде кең тыныстап, соны  дүниелерді  өмірге алып келді.

 Әйел    жанының  жыршысы

            Қаламгердің көркем прозадағы қоржыны шұрайлы шығармаларға толы. Ағамыздың қаламынан туған әңгіме, повесть, романдары төл әдебиетіміздің толымды туындылары санатында. Соның ішінде жазушы қашанда әйел жанының нәзік иірімдері мен қалтарыс-қабаттарын, тылсым құпияларын, өзгеше жаратылыстың өзіндік жұмбақтарын ашуды, сол арқылы әсемдік пен сұлулықты әңгімелеуді мақсат тұтқан қаламгер Бексұлтан Нұржекеұлы шығармашылығы айрықша эстетикалық көркемдігімен әрдайым көзге түседі.

            «Күтумен кешкен ғұмыр», «Күй толғақ», «Бір ғана махаббат», «Өзендер өрнектеген өлке», «Ерлі-зайыптылар», «Бір өкініш, бір үміт», «Әйел жолы жіңішке» атты жинақтардың авторының әйел сезімін өзек етіп, махаббатты жырлайтын «Мұнтаздай Мұмтаз», «Кәріс қыз», «Бір ғана махаббат», «Құпия махаббат», «Қырғыз келіншек», «Күләштің соңғы көктемі», «Кінәлі махаббат» шығармаларының барлығында әйел затының рухани әлеміндегі алапат өзгерістер мен аласапыран дауылды сәттер көктем күніндей мамыражай тыныштық пен сырлы сезім әуендері шынайы кестеленеді.

            Бексұлтан атамыз әйел табиғатын, әйел жан дүниесін өзі ұғып қана қоймай, өзгелерге де ұқтыру жолында талай жыл тынымсыз еңбектенді. Бұл әркімнің қолынан келе бермейтінін біз жақсы түсінеміз. Әйелдер туралы жазу - сүйіспеншілік, махаббат туралы жазу, сырлы сезімдер сиқырына бойлау, демек, сүйсінуге, жазуға тұрарлық тақырып.

            Жазушы сезім мен ойды, пайым мен парасатты тең ұстап, оларды өзара тұтастырып, бір-біріне ұластырып, толғауды сүйетін, сүйіп қана қоймай, мұның өзін өнерінің өзегін түзетін басты машыққа айналдырған, сөйтіп дара шығармашылық мәнер тапқан қаламгер.

Жазушы әрі қайраткер

            Бексұлтан Нұржекеев - көркемсөз құдіретін асқақтатып қана қоймай, талай-талай тамаша туындыларды өмірге әкеліп, қазіргі қарбалас, қысылтаяң, алмағайып, аласапыран уақыттың дүрмегіне ілесіп, бекер босқа жалтақтамай, ұлтының ұпайын түгендесіп, жоғалтқанын тауып, ұмытқанын есіне түсіріп, қазағына қалтқысыз қызмет көрсетіп жүрген белсенді де беделді қоғам қайраткері. Оған жазушының тіл, тарих, өнер мен әдебиет саласындағы әлеуметтік мәселелерді қозғап, тереңнен толғап баспасөзде жариялаған сандаған мақалалары толықтай дәлел бола алады.

            Атамыз қай тақырыпқа қалам тербесе де ұлттық мүддеге айрықша қамқоршы болып, бабалар аманатына адалдық көрсету әрбір қазақ азаматының парызы екендігін еске салып, ұлт құндылықтарын қастерлеу арқылы рухани қазынамызға олжа салу мақсатын көздеуі көпшілікке үлгі-өнеге боларына сенімдіміз.

            Бексұлтан Нұржекеев атамыздың әйел жанының жыршысы, қоғам қайраткері ретінде атқарған елеулі еңбегімен қоса оның нағыз тіл жанашыры екендігін де атап өткен орынды. Оған республикалық газеттердегі тіл туралы жазылған көлемді мақалалары дәлел бола алады. Әр мақаласында, зерттеулерінде көп адамның зерттеу жүргізе бермейтін тың тақырыптарды көтеретінін Жаркент жұртшылығы жақсы біледі. Мәселен, өзі туып өскен Панфилов ауданының    атауын Орбұлақ деп атауға ұсыныс жасап, тер төккенін де жерлестері жақсы біледі.

            Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған атамызды танитын қай-қайсы аға буын өкілдерінен сұрасақ та оның бала кезден-ақ әдебиетке деген құштарлығы болғандығын және оның досқа адал, талғамы биік, жұмысына өте жауапты екендігін айтады. Сондай-ақ оның терең талғам мен логиканың адамы  екендігінен де дүйім жұрт  хабардар.

            асқар таудай атамызды биылғы 80 жылдық мерейтойымен газет ұжымы атынан шын жүректен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!

А.Хаметжанова.