ЕҢБЕГІ ЕЛ ЖАДЫНДА

19.02.2021ж

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, білікті басшы, ауыл шаруашылығының қайраткері    Николай Никитич Головацкий 1912 жылы 5  наурызда  Украинаның   Житомир қаласында шаруа отбасында дүниеге келді, сәби шағында ата-анасынан айырылды, олардың бет-бейнесі есінде жоқ.

Житомир балалар үйіне қалай келгенін де есіне түсіре алмады. Оның саналы ғұмыры осы жерден   басталады.1929 жылға дейін тәрбиеленіп, жеті жылдық білім алады. Жетімдер жаз айларында ауылдарға барып, әркімге жалданып еңбек етуші еді. Сөйтіп азын-аулақ қыста талғажау жасайтын азық-түлік, ескі болса да бойға жылу беретін киім-кешек табатын. Бұғанасы қатпаған бозбала сол отты жылдардың кеудеге соққан толқындарын жарып, ер жетті.              

                Оның еңбек жолы сол 1929 жылы басталды. Киев облысының Базар ауданында мойынсерік мүшесі, кедейлер кәсіподағының төрағасы, одан кейінгі жылдарда Харьков, Киев облыстарында машина-трактор стансыларында және кедейлер кәсіподағы ұйымының төрағасы қызметтерін атқарды. Сол жылдарда комсомол, ал 1931 жылдан партия қатарына қабылданған ол бар күш-жігерін адал еңбекке бейімдеді. Жасы жиырмаға толған Николай Никитич 1932 жылы Армия қатарына шақырылады, әскери қызмет оған бірден ұнады. Бұл оның өміріне түп негізінен өзгерістер әкелген жылдар болып, тағдыр–тәлейіне жазылады. Сол жылы ол бір топ жауынгерлермен бірге шалғайдағы Жаркент шекарашыларына келіп қосылады. Анығырақ айтқанда, мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қарасты №49 шекара отрядына саяси жетекші қызметін атқарды. Украинаның жігіті Жаркент өңірінің әдемі табиғаты, құнарлы топырағы, меймандос, еңбекқор халқы тәнті еткен еді. Сондықтан да ол әскери қызметін өтеп болған соң еліне кетпей, осы жерде қалды. Ол қателеспеген екен. Николай Никитичтің жерге деген сүйіспеншілігін аңғарған застава басшысы оған шекарашылардың қосалқы шаруашылығын жүктеді. Отрядтың бұл саласында тез арада өркенді жолға салды. Жақсы жұмыстарымен көзге түскен жігітті 1936-1938 жылдары Жаркент аудандық партия комитеті нұсқаушылық қызметке алды.

                Н.Головацкий 1941 жылға дейін ОСАВИАХИМ-нің бөлімін басқарды (бұл егістікті дәрі-дәрмекті ұшақпен обработка жасайтын ұйым). Бұл ұйымның да жұмысын жедел жақсартады. 1938-1943 жылға дейін Панфилов ауданында «Қызыл Шығыс» колхозының төрағасы болып істеді. Ұлы Отан соғысы жылдары «Барлығы майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» деп ел еңсе баспай еңбек етті. Тыл еңбеккерлері  үшін майданды азық-түлік және киім-кешекпен қамтамасыз ету ең маңызды міндеттердің бірі болды. Олар зауыт, фабрикаларда, егістік алқаптары мен фермаларда күндіз-түні жұмыс істегеніне қарамай, жауынгерлерге жеке өз көмектерін жіберіп отырды. 1943 жылдың басында ұжымшар төрағасы Н.Головацкийдің ұйымдастыруымен қызылшығыстықтар «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасы құрылысына 300.000 мың сом жинап берді, оның 100 мың сомын Н.Головацкий өзі берді. 1950 жылдан бастап «Қазанның 40 жылдығы» колхоз агрофирмасының төрағасы болып тағайындалды. Ол осы қызметте 42 жыл тынбай еңбек етті. Осы жылдар барысында әлсіз «Труд-Пахталық»  колхозы қуатты агрофирмаға айналды. Н.Головацкийдің зор үлесі, ерен еңбегі бар. Азын-аулақ малдан шаруа құрап, көкөніс, бидай егіп ауыл кедейлерін ұжымдық өндіріске бастаған Н.Головацкий өңірде тұңғыш колхоз құрылысын қалыптастырған жандардың бірі. Одақты алдыңғы қатарлы бай өндірістік ұжымға айналдырған Н.Головацкий 6 мәрте Ленин орденімен марапатталған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанды. Бірнеше мәрте партия съездерінің делегаты болды. Сонымен қатар осы колхозда жүгері алқабында жұмыс істейтін үш колхозшы Социалистік Еңбек Ері атанды. Олар: Әбілмәжін Қасымбеков,   Мәриям       Ниязова  және Әлімжан Бақтаев.                                                    

                 Николай Никитич басқарған ұжымдарда ең бірінші ауыл адамдарының әлеуметтік жағдайын ойлады. Ауылды ажарландырды, шаруашылықтың шырайын кіргізіп, елдің еңсесін көтерді. Ол ерінбеген адамның ауылда тұрып та ауқатты өмір сүруге болатынын, елде жүріп те еңселі үйде тұра алатынын, соңғы үлгі мен жайлы жаңалықтың ауылға жат емес екенін тынымсыз ісімен, тамаша ұйымдастырушылық қабілетімен дәлелдеп кетті. Н.Головацкий Талдықорған облысы Панфилов ауданында «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы колхоз 25 мыңнан астам тұрғыны бар 9 елді мекен, 12 орта мектеп, 4 бастауыш мектебі, әр ауылда ауруханасы, Мәдениет үйлері бар,  ауқатты, табысы жоғары шаруашылық болған.  Колхозда 2 мыңнан астам трактор, 3 мыңға  жуық автокөліктер және тағы басқа техникалар болған. Ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруде озық әдіс-тәсілдерді пайдаланып, колхоздың экономикасын, әл-ауқатын көтеруге басты назар аударған.

                Жастар оқу мен еңбекті ұштастырып  өсті. Жастарды жоғарғы оқу орындарында оқытып,  өз  шаруашылығына  жұмысқа алып, үй беріп, жағдай жасап отырды. Жақсы еңбек еткен колхозшыларды  марапаттап, еңбегін бағалап, сыйлық беріп, тегін демалыс орындарына жіберіп, колхозшыларға еңбекке деген құлшынысын арттырып, оларға материалдық және моральдық қолдау көрсетіп отырған.  Жастардың     ауылда қалып, еңбекке араласуына  үздіксіз мән  беріп, жағдай жасайтын. Жастар арасынан комсомол жастар бригадаларын құрып, жастардың өзін-өзі басқаруына мүмкіндік беретін.

                Н.Головацкий – өте сезімтал, жаңашыл, ізденімпаз, дарынды адам болды. Осы қасиеттерінің арқасында өзі басқарған ұжымды одақтағы ең озық бай шаруашылыққа айналдырды. Өзі басқарған ұжымда бірнеше ұлттың басын қосып, оларды бір ананың баласындай көріп, бірлік пен ынтымақтастықты ту  етіп, халықтар достығының маңыздылығын түсініп, оларды бір болашақ,  бір мүдде, бір мақсат принципіне тәрбиелеген. Сол шаруашылықта жүгерімен бірге мал, құс шаруашылығын қатар алып жүрген. Ол шаруашылықтың қыр-сырын білетін нағыз дала академигі болатын. Ол КСРО құрамындағы  республикалар, сонымен бірге Қытай, Чехия, Голландия, Венгрия, Польша, Финляндия мемлекеттерімен қарым-қатынас жасап, шаруашылық жөнінде тәжірибе алмасып, сауда-саттық, тауар  айналым  мәселелерімен айналысты. Ол ерте туған нағыз нарық адамы болды.

                Н.Головацкий – ұлағатты ұстаз. Ол мыңдаған майталман мамандар тәрбиеледі. Ол - мықты басшы, кәсіпкер және іскер адам. Оның бойындағы бар қасиетті теріп жазу мүмкін емес. Н.Головацкий басқарған ауыл орталығы сол кісінің есімімен аталады. Ол кісінің есімі мектепке және көшеге берілген. Ауыл мәдениет үйінде Н.Головацкийдің 100 жылдық мерейтойына байланысты мұражай ашылды. Осындай ғажайып адам 1996 жылы 84 жасында дүниеден өтті. Жыл сайын 5 наурызда Н.Головацкийдің ескерткішінің жанында митинг болады. Ол жерге аудан және ауыл адамдары жиналып, Н.Головацкийді  еске алады, өмір  жолын, істеген еңбектерімен оқушыларға      таныстырады.

                  Н.Головацкий – өз дәуірінің қаһарманы, батыры, майталманы, оның өмірі, еңбек жолы жастарға тәлім-тәрбие. Біз Н.Головацкий атамыздың еңбегін ұмытпаймыз, мақтан тұтамыз. Биыл 2021 жылы Н.Головацкий атамыз 109 жасқа толады. Ал келесі  2022 жылы 110 жыл толуына байланысты 110 шырша отырғызылды. Көгалдандыру, ағаш егу, ауылдың тазалығын жақсарту мақсатында округ әкімдігі мен ауыл тұрғындарының арасында тығыз байланыс орнатылған. Қазақстанда теңдесі жоқ Мәдениет үйі бар және сол Мәдениет үйі 30 жылдан бері күрделі жөндеу жұмысы болмағандықтан төбесіне су өтіп сын көтермейтін жағдайда тұр. Осыған Үкімет  тарапынан көмек болса нұр үстіне  нұр болар еді.

Нұрқанат    жұмабеков,

мұражай қызметкері.