Алматы облысындағы «Alacem» зауытына 400-ге тарта адам жұмысқа тұрады

03.03.2021ж

Өндірісі өркендеген өлкенің әлеуеті әрі қарай арта түспек. Аймақ қазынасына түсер түсімнің ендігі үлесі  аймақтағы , ең алғашқы «Alacem» цемент зауытына тиесілі болмақ. Алматы облысы, Кербұлақ ауданына қарасты Қызылжар ауылдық округінде орын тепкен бұл нысанның ірге тасы 2018 жылы қаланып басталды.

 

 Қызылжардағы цемент зауытының құрылысына 40 га жер бөлінген. Аталған аумақты компания басшылығы жалға алған.

Зауыт жылына 1,2 млн тонна цемент шығаруды жоспарлап отыр. Зауыт өнімінің 80% – ын Қазақстанның ішкі нарығында, бірінші кезекте Алматы облысының өзінде, 20% - ын Орталық Азия, Моңғолия және Қытай елдерінде сатпақ.

 Жауаптылардың айтуынша, жоспарланған салық түсімдері жылына 2 млрд теңгеден астам соманы құрауы тиіс, сондай-ақ, жергілікті мамандар үшін 386 жұмыс орны құрылады.

 Зауыттың іске қосылуына 47 млрд. теңге инвестиция тартылған. Инвестор қазақстандық-сингапурлық "Alacem" компаниясы болып табылады, оның құрылтайшысы ірі қазақстандық бизнесмен Нұржан Шакиров. "Alacem" - дегі Сингапур мемлекетінің  «Compact  Metal Industries LTD» компаниясының үлесі -  40%.  Ірі өндіріс нысаны ағымдағы жылы 31 наурызда іске қосылмақ.

 Айта кетейік, ағымдағы жылы өңірімізде «GreenLandAlatau», «Прима Құс»,   «ZhetysuKoy» ЖШС, «Eurasian green product» ЖШС жылыжайы, «KS Genetics Switzerland SA» мал шаруашылық кешені сынды  ірі жобалар  өз жұмысын бастайды.

 

Анар САБЫРОВА