САЯСИ КЕҢЕС БЮРОСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

23.04.2021ж

Жуырда аудан әкімі Талғат Өмірәлиевтің қатысуымен «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы Саяси Кеңесі Бюросының отырысы өтті. Аталмыш жиынды аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Досмаилов ашып, жүргізді.

Елімізде орын алған төтенше жағдайға орай онлайн форматта өткен басқосу барысында негізгі ұйымның атқарған жұмыс реті кеңінен таныстырылып өтті. Сондай-ақ партия жұмысын қайта жандандыру бағытындағы атқарылған жұмыстар да тілге тиек етілді.
Аудандық партия филиалы Саяси Кеңесі Бюросы отырысының күн тәртібінде:
- «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының XXVIII есеп беру-сайлау конференциясына шақыру, күн тәртібін және делегаттарды сайлау жөнінде квотаны бекіту;
-«Nur Otan» партиясы аудандық филиалының сайлауалды бағдарламасының бағыттары бойынша аудандық қоғамдық кеңестердің төрағаларын, құрамдарын, ережелерін бекіту туралы;
- «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының Саяси Кеңес Бюросы отырысын және бастауыш партия ұйымдарының есеп беру-сайлау жиналыстарын, аудандық партия филиалының XXVIII есеп беру-сайлау конференциясын өткізу кестесін бекіту туралы мәселелер қаралды. Күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша баяндамалар мен жарыссөз қатысушылары тыңдалып, сұрақтар қойылды.
Отырыс барысында аудан әкімі Т.Өмірәлиев аудандық партия филиалының сайлауалды бағдарламасын нәтижелі жүзеге асыру мақсатында әзірленген жол картасындағы іс-шаралардың орындалуына бақылау жасап, мониторинг жұмыстарын жүргізетін кеңес төрағаларымен, құрамдарын таныстырды. Бұл кеңес жұмысын ұйымдастыру аса күрделі екендігін әрі кеңес төрағаларына жүктеліп отырған жауапкершіліктің де зор екендігін атап өтті. Кеңес төрағалары мен мүшелері бүгінгі бекітіліп отырған ережеге сәйкес жұмыстарды ұйымдастыру қажеттігін, қатаң талап барын да ескертті.
Жиын соңында қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды.
Өз тілшіміз.