МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКТОР ӨҢІР ТЫНЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

20.05.2021ж

Мамыр айының 18-і күні ауданымызға Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік  инспекторы  Бауыржан Қасенов іссапармен келді. Мемлекеттік  инспектормен бірге бірнеше бөлім, мекеме басшылары өңірдегі бірқатар нысандарға арнайы  барып,  жұмыс  ретімен  танысып қайтты.

 

Мемлекет инспекторы алдымен өңірдегі «Қорғас - Шығыс қақпасы» АЭА барып, бүгінгі жай-күйімен кеңінен танысты. Мұнан соң құрғақ порт, «Жаркент крахмал-сірне зауыты», «Феникс», «Заря ЛТД» ЖШС-де болып, мұндағы қызметкерлердің бүгінгі тыныс-тіршілігін толықтай көзбен көріп, кейбір түйткілді мәселелерді түртіп алды.
Сапар барысында Бауыржан Қазыбекұлы жаңадан ашылған Пенжім ауылдық амбулаториясына, аудандық көпсалалы ауруханаға барып ауданда, ауылдық елді-мекендердегі жаппай вакцинациялау науқанының қалай жүріп жатқандығын тексеріп, жұмыс барысымен танысты. Екпе салуға келген тұрғындармен жүздесіп,әңгімелесті. Орталықтағы коронавирусқа қарсы ашылған вакцинация кабинеттерін, мұндағы керекті құрал-жабдықтарды көрді.
Іссапар жалғасы аудандағы мектептерде өтті. Бірнеше білім беру орталықтарын аралап шыққан мемлекеттік инспектор Б.Қасенов: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір тапсырмасында білім саласына ерекше көңіл бөлуде. Осыған орай жастардың білім алу мүмкіндігін әлемдік озық деңгейге теңестіру үшін бар мүмкіндікті жасаймыз»,-деп атап өтті.
Сапар соңында мемлекеттік инспектор өңірдегі мекемелердің жұмысы мен халыққа көрсетіп отырған қызметтерін жоғары бағалады.
А.ХАМЕТЖАНОВА