ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ - ҰРПАҚҚА ҰЛАҒАТ

20.05.2021ж

Ұлы Жеңіс мерекесінің еліміз үшін орны қашанда ерек. Өйткені сұрапыл соғыстағы жеңіске жету жолында миллиондаған адамның өмірі қиылды. 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына 35 миллион адам, соның ішінде 1,5 миллион қазақстандық қатысты.

Бұл республика халқының 18 бен 50 жас аралығындағы ересектердің 70 пайызы.
Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 76 жыл толып отыр. Бұл мерекені лайықты атап өту қазіргі ұрпақтың басты парызы деп білеміз. Осыған орай жыл сайын «Ынтымақ» ауылында орналасқан «Төменгі Пенжім орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығымен» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 9 мамыр Жеңіс күнін жерлес жауынгерлерге арналған ескерткіш алдында атап өтеді. Атап айтқанда, «Ерлікке тағзым!» атауымен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлес жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Биыл да бұл үрдіс өз жалғасын тапты. Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты биылғы жылы бұл рәсім барлық карантиндік талаптарды сақтай отырып өткізілді. Бұл ескерткіш Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай қойылған. Ескерткіш 1941-45 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқандарды мәңгі есте сақтау және келешек ұрпаққа үгіттеу негізінде жасалған. Жас ұрпақтың осындай ескерткіштер арқылы тарихымызды тереңірек түсініп, бүгінгі бейбіт өмірімізді бізге аманаттап кеткен ата-бабаларымыздың ерліктерін айшықтап тұратын бұл ескерткіште Ұлы Отан соғысына қатысып, ауылға аман қайтқандар, соғыстан ауылға қайтпай қалғандар және соғыс жылдары тылда жұмыс істеген азаматтардың аты-жөндері жазылған.
Осы тұста айта кету керек, жоғарыда атап өткен ескерткіштің қойылуына, оның ашылу салтанатына жалпы барлық жұмыстарына көмек көрсеткендер: мектеп директоры А.Кәрібаева, ауыл тұрғындары Т.Сопиев, Қ.Масимов, А.Зуламов, А.Қасымқұлов, К.Халилов және көптеген азаматтар, сондай-ақ ардагерлер кеңесі төрағасы Кеңесбай Омаров пен бұрынғы колхоздың құрылыс инженері Бекен Молдахметов аталарымыз.
Жыл өткен сайын Отан үшін болған ұрыстың маңызы және онда қаза болған бабаларымыздың ерліктері мәңгі жадымызда дей келе «Бейбіт күн жасасын әлемде!...» деген ұстаныммен биылғы Жеңіс күнімен құттықтаймыз! Еліміздің көк туы мәңгі желбіресін! Аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Мадина МУСАЕВА,
орыс тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі.