Жетісу облысында құрылыс қарқынды

2023-05-23


Биыл  құрылыс саласына бөлінген бюджет көлемі 47 млрд теңгеден асты. Оның ішінде 365 нысанның құрылысы жұмыс жоспарына енген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жетісу облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Айбек Нұржанов айтып берді.


2023 жылы 117 нысан, 2024 жылға ауыспалы 248 нысан пайдаланысқа берілмек. Биыл облыста 322 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй қолданысқа берілгелі тұр. Оның 166 мың шаршы метрі бюджеттік, қалғаны несиелік және жалға берілетін үйлер. Білім саласында биыл 16 нысан жоспарланған. Оның 10-ы іске қосылу керек, ал 6-уы мектеп. Ал медицина саласында жыл соңына дейін 6 құрылыс нысаны ел игілігіне берілмек.
«117 нысан биыл, 248 нысан келесі жылы қолданысқа беріледі. Одан бөлек, 143 нысанға жобалау-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Тұрғын үй бойынша облыста 300 мың шаршы метрге жуық нысан беру жоспарланған», –  деді спикер.
Облыста 338 мемлекеттік және 3 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. 2025 жылға Алакөл ауданы Достық және Үшарал ауылдарында, Қаратал ауданы Үштөбе қаласында, Көксу ауданы Балпық би ауылы Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында, Панфилов ауданы Жаркент қаласында және Талдықорған қаласында үш ауысымдық оқыту тәуекелдері бар. Осылайша, облыста 2025 жылға қарай оқушылар орындарының  тапшылығы өз шешімін табатын болады.
«Әлеуметтік нысандардағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысы мен сапасы тұрақты бақылауда, нысандарды пайдалануға беру Мемлекеттік құрылыс комитеті, пайдаланушы ұйымдар өкілдерінің, әкімдер орынбасарларының, басшылардың қатысуымен әзірленген бақылау сызбасына сәйкес жүргізілуде», – деп қорытындылады Айбек Диасұлы.