ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТТАРЫ «ҚОРҒАС» ШЕКАРА МАҢЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

2024-01-11


Өткен жылы екі ел арасындағы экономикалық байланыс пен туризмнің дамуына арқау болған «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының (ШЫХО) жұмысы жаңаша жанданды.

 

Жоба “Нұрлы ЖОЛ” жаңа экономикалық саясаты және “Бір белдеу - бір жол” стратегиясы шеңберінде іске асырылған. Мұнда жүк тасымалдау ережесі өзгерген. Біріншіден, енді орталықтың Қазақстан бөлігінде такси жүргізушілері жүрмейді, адамдар тек автобуспен қатынайды. Екіншіден, тауар алуға келген жеке тұлға бір айда 31 кг-дан артық жүк алып кете алмайды. Заттардың жалпы құны мың еуродан аспауы керек. Сатып алушылар автобусқа 5 кг жүк қана алып кіреді. Қалғанын әуежайдағыдай жүк тасымалдау пунктіне тапсыруға міндетті. Болашақта мұнда тағы 14 жаңа жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

- Шекараға жеке меншік көліктерге кіруге рұқсат берілсе де, адам тасымалдап, еркін кіруге жол берілмейді. Әр адам бекеттен өтіп, билет құнын төлеп кіре алады. Алдағы уақытта біз жаңа өзгерістер енгізетін боламыз. Атап айтқанда, тауар алушыларға наурыз айынан бастап Face ID функциясын баптайтын боламыз. Солай келген қонақтар шекарадан кіріп және шыққанша, сондай-ақ тауарларын қолдарына алғанша бақылауда ұстаймыз, - дейді «Қорғас» ШЫХО директоры Ерсін Оразаев.

Өткел залдарында үлкен кезектердің алдын алу үшін келушілерге билеттерді онлайн сатып алудың жеңілдетілген жүйесі іске қосылған.
Тағы да айта кетейік, орталыққа өту Қазақстан азаматтары жеке куәліктерімен, шетел азаматтары халықаралық шекарадан өту тәртібімен рәсімделеді.