Ауданға жаңа әкім тағайындалды

Аудан әкімшілігі  ғимаратының  мәжіліс  залында  аудан  активі  өтті. Онда Алматы облысының  әкімі Амандық Баталов сөз сөйлеп, Панфилов ауданының әкімі қызметіне аудандық  Мәслихат депутаттарының  келісімімен  Темірлан  Амангелдіұлы  Бектасовтың   тағайындалғанын  хабарлап, әкімнің өмірбаянымен  таныстырды.

       Темірлан  Амангелдіұлы  1969 жылы туған. Алматы гидромелиоративтік техникумын, Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын бітірген, мамандығы техник-гидротехник, құрылыс-инженері.

       Алғашқы еңбек жолын 1987 жылы В.Ленин атындағы Бүкілодақтық ғылыми ауыл шаруашылық Академиясының Шығыс бөлімі Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты агрохимия зертханасының жұмысшысы болып бастады. 1988-1990 жылдары Кеңес   Армиясы  қатарында болды. 1993 жылы Қазақтың картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты «Бірінші май» тәжірибе шаруашылығы «Строитель» кооперативінің бақылау инженері, бұдан  соң  Қаскелең аудандық  жергілікті әкімшілік сәулет және құрылыс комитеті  сәулеттендіру және жүйелеу басқармасының бірінші дәрежелі технигі, «Қарасай аудандық өндрістік-жобалау архитектуралық-бейнелеу бюросы» МҚК Қаскелең қалалық округі бойынша ІІ дәрежелі инженері, «Қарасай аудандық өндрістік-жобалау архитектуралық-бейнелеу бюросы» МҚК Қаскелең қаласы бойынша сәулет және құрылыс жөніндегі бөлімінің меңгерушісі, «Қарасай ауданының сәулет және қалақұрылысы бөлімі» ММ «Сәулет» МКК директорының орынбасары, Жамбыл ауданы әкімі аппараты аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімі бастығының міндетін атқарушы, Жамбыл ауданы әкімі аппараты аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің бастығы, Қарасай ауданы әкімі аппараты аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің бастығы, Алматы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының  бастығы, Талдыбұлақ ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы, Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі, Алматы облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары, Алматы облыстық құрылыс басқармасының бастығы болды.

                Алматы облысының әкімі А.Баталов бұдан  соң жаңа әкімнің алдында тұрған міндеттері жөнінде атап көрсетті. Бұған дейін аудан әкімі қызметінде  болған,  бүгінде  зейнет жасына жетіп отырған Бердәулет Ешенұлы Абдулдаевқа алғыс сезімін білдіріп, «Құрмет грамотасын» табыстады.   Облыс басшысы өз сөзінде өңір  мен ауданның  әлеуметтік-экономикалық дамуының қазіргі таңдағы қарқынын тілге тиек етіп, жаңа тағайындалған әкімге, жергілікті атқарушы органдарың басшыларына Елбасының белгілеген тапсырмаларын жүзеге асырудағы, аудан экономикасын көтеру жолындағы нақты іс-шараларды орындауға міндеттеді.

       Бұдан соң көпшілік алдында Бердәулет Абдулдаев сөз алып, облыс әкімі  мен  аудан жұртшылығына шынайы алғысын жеткізді.

      Ауданның  жаңа  әкімі  Темірлан  Амангелдіұлы Бектасов та сөз сөйлеп, ел үмітін ақтауға тырысатынын айтты.

     Актив жиналысында Социалистік Еңбек Ері  Күләш Айтжанова, Жаркент қаласының тұрғындары  Шәріп Рахмиденов, Рехимжан Тохтахунов сөз сөйлеп, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа, аудан әкімі болған Бердәулет Абдулдаевқа алғыстарын айтып, жаңа әкім  Темірлан  Бектасовтың қызметіне  табыстар  тіледі.

    Жиналыста  облыс  әкімі   Амандық Баталов  ауданның жаңа  әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді.

 

Б.Бейсенқызы.