Қызыл жолақтағы дүңгіршектер алынады

Адамдар көп шоғырланатын жерде тазалық пен  реттілік қажет екені баршаға аян.  Ақпан айының 20-ы күні арнайы ұйымдастырылған комиссия қала базарының айналасын аралады. Ондағы мақсат көшелердегі реттілікті қалпына келтіру еді. Ретсіз қойылған дүңгіршектерді қала көшелерінің архитектуралық ережелеріне сәйкес етіп орналастыру мақсатында оның иелеріне арнайы ескертулер жасалынды.

         Атап айтқанда Лутфуллин көшесіндегі қаңырап бос тұрған көріксіз дүңгіршектерді және Юлдашев атындағы көшенің екі жағындағы гүл сататын, тағам сататын дүңгіршектерді орнынан алу мәселесі қаралды. Масанчи көшесінің  бойынан донер пісіретін дүңгіршектер мен жүк автокөліктерін және басқа да көкөніс қоймаларын  ретке  келтіру үшін арнайы  ескертулер жасалып, 1 наурызға дейін көшедегі  қызыл жолаққа кірген  дүңгіршектер  толық  алынып, көліктер мен жаяу жүргіншілерге кедергі болмайтындай жағдайда болуы керектігі айтылды.

                Сондай-ақ Розыбакиев атындағы көшеде КамАЗ автокөлігі  тіркемесімен жол жиегіне қойлығаны, көшеде көмірді қаппен сатуды кәсіп еткен тұрғындардың ретсіздігі мен көше тазалығына мән бермейтіндігі анықталып, тұрғындарға ескерту  жасалынды.

                Қала келбетін жақсарту мақсатында архитектуралық ережелерді бұзған тұрғындар мен тиісті азаматтарға  заң аясында түрлі шаралар қолданылмақ.

                Аудан әкімінің орынбасары Думан Төреханов, қала әкімі Ермек Нұрахметов бастаған құрамында сәулет-қала құрылысы қызметкерлері, ішкі істер қызметкерлері, заңгерлер бар арнайы топ базар айналасындағы тазалыққа да көңіл бөлді. Онда көше өз алдына, азық-түлік сату орындарындағы тазалық мәселесі де сын көтермейді. Мысалы көшедегі тандырға нан пісіруші азаматтар тазалық ережелерін сақтамайтындығы белгілі болды.

                Аудандық ішкі істер бөлімінің жол патрульдік полициясының  қызметкерлеріне жол белгілерін орнату жұмысы тапсырылса, кәсіпкерлік бөліміне сауда саласында жұмыс жасап жүрген  азаматтардың салық төлеу барысын анықтау тапсырылды. Қала  келбетін жақсартуға   байланысты  жүргізілген рейдке қала әкімдігі жанындағы «Қоғамдық кеңестің» белсенді   мүшелері де атсалысты.

                Алдағы уақыттарда қала көшелері мен базар төңірегінде тазалықты жақсартып, сауда  орындарын ретке келтіру мәселесіне  назар  аударылатын   болды.

 Ж.Нұрақынұлы.