«Алтын» сауда орталығы ашылды

 Қазақстан Республикасының  Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  атты  бағдарламалық мақаласындағы негізгі  бағыттардың бірі – сананың ашықтығы болып табылады. Әрбір саналы азамат «Мен не істедім, еліме не бердім?» -  деген сауалдарға жауап іздейтіні анық.

         Осы тұрғыдан келгенде өңіріміздің әлеуметтік – экономикалық дамуына  айтарлықтай үлестерін қосып жүрген  жүрегі жомарт, қолы ашық кәсіпкер  азаматтардың елеулі еңбектеріне зер  салғанымыз жөн.  Бұл орайда  шағын және орта кәсіпкерлік  шаруашылығын  дөңгелетіп жүрген ерлі – зайыпты кәсіпкерлер -  Серік Ақсубаев пен Гүлнәр Ақсубаеваның есімдері алдымен ауызға алынатыны  анық.  Жазиралы Жаркент қаласының өркендеп, гүлденуіне сүбелі үлестерін қосып келе жатқан жандар жыл басы – Наурыз мерекесі қарсаңында «Алтын» атты мәдени – тұрмыстық сауда орталығын ашып,  көпшіліктің игілігіне ұсынды.

            Сауда орталығының салтанатты  ашылу рәсімінде аудан әкімі Темірлан Бектасов сөз сөйлеп,  «Рухани жаңғыру» аясында дүниеге келген бұл жаңа  сауда кешені - халықтың көзайымына айналатындығын айта келе, осындай орталықты ашып отырған  ерлі – зайыпты кәсіпкерлерге аудан жұртшылығының атынан  шынайы алғыс сезімін жеткізді.

            Бұдан соң Соцалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова, белгілі кәсіпкерлер – Закир Кузиев пен Ризван Сакиева, жаңа сауда орталығының иесі – Гүлнәр Ақсубаева сөз сөйлеп көпшілікті жаңа сауда орталығының  ашылуымен құттықтап, осы сауда кешенінің қаз тұруына лайықты үлестерін қосқан азаматтарға, құрылысшыларға шынайы  алғыстарын білдірді. Ал, Кербұлақ, Панфилов, Ақсу аудандарының «Құрметті азаматы», қоғам қайраткері Ғалым Тұрғанбаев ақсақал көпшілікке ақ батасын берді.

            «Жаркент әуендері»  ансамблінің  орындауындағы сазды ән  толқынымен бірге тербелген көпшілік, арнайы келген қонақтар тобы бұдан кейін  сауда орталығының ашылу рәсімі -  лента қию сәтін тамашалады.

            Бұл құрметке аудан әкімі Темірлан Бектасов, Жаркент крахмал – сірне зауытының директоры  Закир Кузиев, «Ернар» шаруа қожалығының төрағасы Тасқын  Жапарқұл ие болды.

            Лента қиылған соң аудан әкімі Т. Бектасов бастаған  көпшілік 100 орынды «Алтын» сауда  орталығы ғимаратының қос қанатындағы сауда нүктелерін тамашалады.

Қ. Бейсебай .

Ж.Бейсебек  түсірген фото.