Білім саласына біліктілік керек

    Сәуірдің 1 жұлдызында  аудандық  әкімдікте  аудан әкімдігінің мәжілісі өтіп, оған аудандық мекеме, ұйым басшылары, мәслихат депутаттары, Жаркент қаласы мен ауылдық    округ    әкімдері,   мектеп  директорлары, балабақша меңгерушілері, қоғамдық ұйым мен БАҚ өкілдері   қатысты.

 

                Әкімдік мәжілісін аудан әкімі Темірлан Бектасов ашып, жүргізіп  отырды.

                Әкімдік мәжілісінде «Панфилов ауданында Қазақстан   Республикасында  білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік  бағдарламасының орындалу барысы туралы» аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар  Қастеев  баяндама жасады.

                Тұрар Бақышұлының айтуынша, «Панфилов аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі «Қазақстан  Республикасында   білім  беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын»  іске асыру бағытында жоспарланған іс-шаралар бойынша бірқатар  жұмыстар   жүргізіліп  келеді.  Жалпы  аудан бойынша 45 орта, 4 бастауыш мектеп бар. Жас ұрпаққа 2862 мұғалім білім береді. Үш ауысымда оқып жатқан Үлкеншыған ауылындағы орта мектепте 300 оқушыға арналған мектепке жалғастыра салынатын мектеп, спортзал және асхана құрылысы нысаны бойынша тапсырыс берілді.         

                Жаркент қаласындағы Н.Крупская атындағы орта мектептің жөндеу жұмыстары аяқталып, оқушылар мектепте білім алуда.  Жаркент қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің жылу жүйесін күрделі жөндеуге 14 млн теңге облыстық бюджеттен 2017 жылдың басында бөлінді. Құрылыс-монтаж  жұмыстары бүгінгі күні толық аяқталды.Лесновка ауылындағы Д.Рақышев атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге  бюджеттен 120 млн теңге бөлініп  бүгінгі күні құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Объектіні қабылдап алу 2018 жылдың 1 сәуіріне белгіленді.Жаркент қаласындағы Луначарский атындағы орта мектептің орталық стадионының күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде жалпы сомасы 135 624,4 мың  теңге бөлініп,бүгінгі күні құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, объекті пайдалануға берілді.

       2016-2017 оқу жылы мектепті 978 түлек бітірді. Олардың  551-і ҰБТ-ға қатысты.  Бұл жалпы бітіруші  түлектердің  56,3 пайызын құрады. «Алтын  белгіге» үміткер 38 түлектің 31-і «Алтын белгі» иегері атанды. Үздік аттестатқа  44 түлек ие болды.  Орташа балл - 71,9. 

  Аудандағы  36 мектептің асханаларында  24031 оқушыға  ыстық және қоғамдық тамақ беріледі,бұл жалпы оқушы санының 98 пайызын құрайды. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылардан шыққан 1860 оқушы түгелдей тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде жалпы білім беру қоры есебінен 1860 оқушы, асхананы жалға алушылар есебінен 195 оқушы ыстық тамақпен, ата-аналар есебінен - 21976 оқушы тамақтанады. Асханасы жоқ Көбіков атындағы, Сұптай, Садыр, Айдарлы, Қорғас мектептерінде  буфет жұмыс жасайды.

                Жылдың соңына дейін 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейін  98%-ға  жеткізу жоспарланып отыр.  2018 жылы Жаркент қаласынан 3 жекеменшік балабақша ашу жоспарланып отыр. Олар: 50 орынды «Нұрбөбек»,100 орынды «Киндер Лайн»,100 орынды «Ручек» балабақшалары.Аудан бойынша осындай 113 бала есепте тұрады. Оның 60-ы тұл жетім, 53-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала.100 бала тұрғын үй кезегіне қойылған.13 баланың тұрғын үйлері бар.Оның ішінде 3 баланың меншік құқығы бар. 10 баланың меншік құқығында үлесі бар.

                Аудандық ішкі істер бөлімінде әртүрлі құқық бұзушылық жасаған 23 жасөспірім есепте тұрады. Оның ішінде 12 бала сабақты себепсіз қалдырғаны үшін, 4 бала қылмыс жасағаны үшін, 2 бала арнайы мектептен келгені  үшін, 2 бала әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін есепке алынған. 35 сәтсіз жанұя есепке алынған.

      Оқушылар арасындағы суицид және суицидалды мінез-құлықтың алдын алу бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатқанына қарамастан аудан мектептерінде өзіне-өзі қол жұмсау фактілері тыйылмай отыр. 2016 жылы 4 факт тіркелсе, 2017 жылы 3 ұмтылу фактісі №6, Айдарлы орта мектептері мен Қастеев атындағы орта мектепте тіркелді.1 аяқталған суицид Әулиеағаш орта мектебінде орын алды.

      Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың        2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында бірқатар кемшіліктер орын алып отыр.

 Атап айтқанда, бүгінгі күні 4 шағын жинақталған мектептердің материалдық-техникалық базасының нашарлығы, мектептерде математика, физика, орыс тілі пәні мұғалімдері мен орыс бастауыш сынып мұғалімдерінің жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналып отыр. Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен  Соцжол, Шежін, Сарпылдақ ауылдары балабақшамен, қысқа мерзімді топтармен  қамтылмаған.

                Мәжілісте күн тәртібіндегі 1-ші мәселе бойынша баяндаманы талқылауға  Крупская атындағы орта мектептің директоры З.Ниязова, Үлкеншыған ауылындағы «Шұғыла» балабақшасының меңгерушісі С.Жолдасова қатысып, сөз сөйлеп, ой-пікірлерін айтты.

                Мұнан соң әкімдік мәжілісінде  күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Қазақстан Республикасының  мемлекеттік  наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулықтың орындалуы  барысы туралы» аудан әкімінің орынбасары Шухрат Құрбанов хабарлама  жасады.

                Әкімдік мәжілісін аудан әкімі Т.Бектасов  қорытындылады.

                Әкімдік мәжілісінде қаралған мәселелер бойынша тиісті  қаулы  қабылданды.