Дархан дала бапкері

        Жуырда  Пенжім ауылында  «Дархан дала бапкері» атты салтанатты шара өтті. Аталған шараның кейіпкері өңірімізге белгілі еңбек ардагері, білікті де тәжірибелі агроном, сексеннің  сеңгіріне шыққан  Ағзам    Марипов  еді.  А. Марипов 1938 жылы     1 мамырда Ават ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен  тұспа-тұс келді. Молотов қазіргі Алтынсарин атындағы орта мектепте білім алған. Өсе келе Талғар ауылшаруашылық техникумының агрономия факультетіне түсіп, оны ойдағыдай  аяқтайды.

         Алғашқы еңбек жолын Жамбыл атындағы ұжымшардың көкөніс бригадасының агрономы болып             бастайды.    1961 жылы Калинин атындағы ұжымшарда еңбек етеді.

             Теориялық білімін іскерлікпен ұштастырған агроном мол тәжірибе жинақтап, көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Уақыт талабына сай егістіктегі агротехникалық жұмыстардың тиімділігін арттыруға өз үлесін  қосты.

              А. Марипов 1997 жылдан кейін Ават өндірістік кооперативін басқарды. Жалпы еңбек өтілі 51 жыл агроном болып еңбек еткен тәжірибелі маман ұзақ жылдар бойы шаруашылықта бас агроном болып еңбек еткен.

             Дархан дала бапкерінің еліне сіңірген еңбегі еленбей қойған жоқ. Оған 1972 жылы Қазақ ССР-ның ауылшаруашылығына еңбегі сіңген агроном атағы берілді.

             1974 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, сондай-ақ 1979 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1986 жылға дейін 4 рет ВДНХ- ның медальдарымен марапатталды.

             Ел игілігі үшін  аянбай еңбек еткен аяулы азаматқа 2006 жылы Панфилов ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. 2008 жылы Астана қаласының 10 жылдығына орай шығарылған мерекелік медальмен марапатталды.

              Зайыбы Махинур дүниеден озды. Үлгілі отбасы 2 бала тәрбиелеп өсірді. Олардан 10 немере, 7 шөбере сүйіп отыр.

             Пенжім ауылында өткен  А.Мариповтың 80 жылдық мерейтойына орай өткізілген  салтанатты шараға ауыл азаматтары мен алыс-жақыннан арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

            Мерейтой салтанаты өткен «Керуен сарайы» мейрамханасының алдыңғы алаңына ауылшаруашылық техникаларын тізіп, көрме ретінде келушілердің назарын аударды.

            Салтанатты жиынды аудан әкімі Темірлан Бектасов кіріспе сөзбен ашып, А. Мариповтың ерен еңбектері мен адамгершілік мінезін, байсалдылығын айтып, ерекше тұлға екеніне тоқталды. Ардагердің иығына шапан жауып,  гүл шоғын сыйлап құрмет көрсетті.

            Шара  барысында бұрынғы аудан  әкімі  Ермек  Келемсейтовтың  құттықтау хаты оқылып, табыс етілді. Сондай-ақ жас ұландар тобы құттықтады.

            Өңірімізге танымал дала аруының бапкері, Соцалистік Еңбек Ері  Күләш Айтжанова  сөз алып, замандасын құттықтады.

            Арада осы округтегі «Шатлық» халықтық ән-би ансамблі өнер көрсетіп,  салтанат мерейін арттыра түсті.

             Шара барысында «БЕНТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы  Дилмурат Кузиев сөз алып, шапан кигізіп  ақшалай сый-сияпат жасады. Сондай-ақ Панфилов, Кербұлақ, Ақсу  аудандарының «Құрметті азаматы» Ғалым Тұрғанбаев  балалар үйінде бірге өткізген кездерін еске түсіріп, әсерлі әңгімесін айтты. Өзінің жазған «Біз жетімдерміз» атты жыр жолдарын оқып, А. Мариповты мерейтойымен құттықтады.

             Калинин атындағы ұжымшарда бірге жұмыс істеген Тоқтарбай Керімқұлов та А.Мариповтың  іскер азамат екенін баяндап, ізгі  тілегін  білдірді.

             Еңбек  ардагерлері  Ахметжан Надиров, Құрманғали Нүсіповтар сөз алып «Дархан дала бапкерінің» иығына шапан жауып  құрметтеді.

              Салтанатты шарада А.Марипов сөз алып, өмірінде көрген қиындықтары мен қызықты күндері жайлы қысқаша баяндады. Ұзақ жылдар бойы ұжымшар басшысының орынбасары, бас агроном болып еңбек еткен аяулы азаматтың еңбек жолы кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық.

              Салтанатты шара соңы Ават ауылындағы жаңадан ашылған «Ниагара» мейрамханасындағы кең дастарқан басында  жалғасты.

              Онда ас-су ішіп отырған қонақтар арнайы шақырылған өнер иелерінің концерттік бағдарламасын тамашалап, мерейтой иесіне ізгі тілектерін айтып-жеткізуді де ұмытпады.

Жұмағазы   Бейсебек.

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Панфилов ауданының «Құрметті азаматы» .