Есімі - елдің есінде

        Жазиралы Жаркент жері ежелден кемел тұлғалар мен көрнекті азаматтар көп шыққан  қасиетті өңір.

        Мәселен, Ұлы Отан соғысында сегіз бірдей жерлесіміз қаһармандық танытып, Кеңес Одағының Батыры атанды. Бейбіт өмірде ерекше еңбегімен көзге түскен тоғыз еңбеккеріміз Кеңестік дәуірдегі ең жоғарғы марапат – Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды.

         Осындай азаматтардың бірі ретінде туған жеріміздің мақтанышына айналып отырған  Азат Машуровты айтуға толық негіз бар.

          А.Машуров осынау ынтымағы жарасқан берекелі аймақта туып-өсті. Осында білім алып, алғашқы еңбек жолын туған жері Пенжім ауылында  қарапайым моторист болып бастады.

          Қызмет баспалдақтарымен жоғары өрлеп, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымына дейін көтерілді.

          Семей қаласындағы мал дәрігерлік институтында жоғары білім алып, Калинин атындағы ұжымшарда бас зоотехник, колхоз төрағасының орынбасары болып жұмыс атқарды. Болашағы зор білікті маман ретінде басшылық тарапынан үлкен сенімге ие болып, арнайы жолдамамен Алматыдағы Жоғары партия мектебінде білім алды.

           Оқуын бітірген соң облысымыздағы Алакөл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып, онда да жоғары жетістікке жетті.  Одан  кейінгі жылдары Калинин атындағы шаруашылықты басқаруға келіп, өмірінің соңына дейін туған жерінде жемісті еңбек етті.

            Азат Машуров ел  байлығын еселеуге, туған жеріміз Жаркентті көркейтуге қосқан елеулі үлесі үшін Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Октябрь революциясы» ордендері сияқты жоғары наградалармен марапатталған. «Ер атағын ел сақтар» дейді дана халқымыз. Сол секілді ауданның осындай  азаматтарын келешек ұрпаққа үлгі ету -  біздің парызымыз.

            Шілде айының 21 күні алыс-жақыннан  арнайы келген қонақтар таңғы сағат 9-00 де  Пенжім ауылында болып, ондағы зират басына құран бағыштау, гүл шоқтарын қою рәсімін жасады. Одан кейін  Жаркент   қаласындағы Журавлев  атындағы көше мен Н.Головацкий атындағы көшенің қиылысында мәдени көпшілік шара өтті.

            Сағат 10-00-де өз жұмысын бастаған мәдени іс-шарада алғашқы  сөзді  аудан әкімі Темірлан Бектасов  алып,  жерлесіміз А.Машуровтай  аяулы азаматтарды әрқашан  мақтаныш  ететінін айтты. Сондай-ақ ерен еңбегімен ел құрметіне  бөленген өнегелі азаматтың өмір жолы келер ұрпаққа үлгі болатындығын айтып, ардақты азаматтың атына көше  берілуімен барша көпшілікті құттықтады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ұлт- аралық достығымыздың  нығая беретіндігіне сенім білдірді.

            Шара барысында Алматы облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы  Е.Келемсейіт, зейнеткер журналист  А.Тудияров, Пенжім ауылының тұрғыны Қ.Нүсіпов, қоғам қайраткері Ю.Азаматов, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі Р.Тохтахунов, А.Машуровтың зайыбы Д.Машурова және басқалар сөз алып, А.Машуров туралы көрген-білгендерін айтып еске түсірді. Сондай-ақ осы шараны өткізуге белсене атсалысқан аудан әкімі Т.Бектасов, Р.Мағрупова, Т.Керімқұлов сынды азаматтарға Д.Машурова шынайы ризашылығын білдірді.

            Аудан әкімі Т.Бектасов Дурнәм Машурованың иығына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті. Сондай-ақ көше тұрғындарының ішіндегі  ардагерлер мен ардақты аналарға да сый-сияпат табыс етілді.

            Жуырда ғана грек-рим  күресінен  Азия құрлығының чемпионы  болған Ғ.Қабунасырдың осы шараға қатысуына орай спортшының иығына шапан жауып, құрмет көрсетілді. Сондай-ақ осы көшенің жас тұрғыны Сунияттың сүндет тойымен құттықтап, оған велосипед сыйлады.

            Шарада ұйғыр халқының белгілі әншісі С. Исмайлқызы Дурнәм Машурованың сөзіне жазылған «Жаркент жұлдызы» атты өлеңін тамылжыта орындады.  Ал ауданның көркемөнерпаздары да өз өнерлерін  көрсетіп, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.

            Шараға қатысушылар «Атлантик»  мейрамханасында жайылған дастарқан мәзірінен дәм татып тарасты.  

Жұмағазы Бейсебек,

Қазақстан Журналистер

Одағының мүшесі,

Панфилов ауданының

«Құрметті азаматы».