Алғысқа лайық «алтын ұя»

     Халқымызда «Бір бала қуанса, қырық періште шаттанады» деген сөз бар.  Баланы қуанту - әлемге шуақ шашумен тең.

     Бүгінгі бүлдіршіндер - еліміздің ертеңгі тірегі, бақытты болашағымыздың кепілі. Адамзаттың басты арманы – денсаулығы мықты, білімді ұрпақ  тәрбиелеу. Біздің  елімізде  барлық  жақсылық  балаларға бағытталған.

     Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  сындарлы   саясатының арқасында балалар үшін көптеген игі істер жүзеге асуда.

                Біздің ауданда мектеп жасына  дейінгі балаларды балабақшамен қамту 97 пайызға жетіп отыр. Бүгінгі таңда аудандағы 40 мемлекеттік және жекеменшік балабақшада 4675 бүлдіршін тәрбиеленуде.

                Қаламызда 2016 жылы ашылған «Алтын ұя» атты балабақшада 220 бала тәрбиеленіп келген еді. Жекеменшік балабақшаның аумағынан биыл тағы да қосымша 80  орынды балабақшаның құрылысы сапалы аяқталды.

                Қазір онда 4 топ ашылмақ. Осы топтардың екеуі инклюзивті білім беру бағытына арналған.

                Балабақшада бүлдіршіндердің саналы  тәрбие  алуына барлық жағдай жасалған. Мұнда тілінде кемістігі бар балалардың  қабілетін жетілдіруге арналған арнайы  массаж кабинеті жұмыс істейді. Сондай-ақ, логопед және дефектолог мамандарымен қамтамасыз етілетін болады.

                Болашақта «Алтын ұя» балабақшасында тәрбиеленген балалардың ішінен еліміздің абыройын асқақтататын білімді де білікті азаматтар шығатынына сенім мол.

                Жуырда осы «Алтын ұя» балабақшасының  жанынан қосымша 80 балаға арналған ғимараттың пайдалануға берілуіне  орай салтанатты жиын өтті. Қараса көз тоймайтындай етіп әдемі безендірілген балабақша ауласында өткен жиынға  ата-аналармен бірге балабақша меңгерушілері, арнайы шақырылған азаматтар мен БАҚ өкілдері қатысты.

                Жиында аудан әкімінің орынбасары Ш. Құрбанов сөз алып, бүлдіршіндер үшін өз  қаржысына балабақша салып отырған Пенжім ауылының тумасы Ләззәт Нүсіпқызы Шойғараеваға қала тұрғындары атынан алғыс айтты. Қазір онда 48 адам жұмыспен  қамтылған.

                Туған жерге  туыңды тік, демекші Жаркент қаласынан 300 орынды, заман талабына лайықты етіп салынған ғимаратта тәрбиеленген бүлдіршіндерді бақытты деп  айтуға болады.

                Салтанатты жиында ата-аналар атынан Қ.Абдрасилова, К.Батырбекова сөз алып, балабақша ұжымына және Ләззәт Нүсіпқызының еңбегіне сондай-ақ жұбайы Қайраттың еңбегін де жоғары бағалап шексіз ризашылығын білдірді.

                Көп жылдардан бері ауданымыздан сырт жерлерде болып, өз кәсібін дөңгелеткен аяулы ана бұған дейін өзге аудандарда да балабақша ашқандығы белгілі.

                Шара барысында өңірімізге белгілі кәсіпкер әйел С.Изимова сөз алып, Ләззәттің еңбегіне шынайы ризашылығын білдіріп, ізгі тілегін айтты.

                Отбасындағы 10 баланың кенжесі Ләззәт Нүсіпқызы ел алдына шығып, аудан халқына, әсіресе бүлдіршіндерге жақсылық жасауды мақсат ететіндігін айтып жеткізді.

                «ALIVEMAX» компаниясының  президенті Ләззәт Шойғараеваның арманы асқақ  мейірімі шексіз. Дәл осындай балабақша өңірімізде некен саяқ.

                 Алдағы күндері  жаңадан салынған  балабақшаның іші  жаңа  қондырғылармен  толықтырылмақ. Ал сыртқы алаңында ертегілер кейіпкерлерінің  бейнелері мен алтыбақан, сырғанақ сияқты түрлі ойын орындары әдемі  етіліп безендірілген.

                Онда Бәйтерек,  Балапан, Балғын, Ақжелкен, Құлыншақ, Звездочка, Солнышка, Теремок, Радуга атты топтардың жеке ойын алаңдары жасалған.

                Шара барысында       Жаркент қаласының әкімі Талғат Нұрмолдаев сөз алып, балабақша ұжымының жұмысына сәттілік тіледі.  Балабақшаның ашылуына арналған салтанатты бас қосудан кейін лента қиылып, шашу шашылды. Келушілер жаңа ғимараттың іші-сыртын аралап көрді.

                Гүлге оранған «Алтын ұя» балабақшасы ауданымыздағы маңдайалды балабақша деп айтуға болады. Онда логопед, дефектолог сияқты  ауданымызда  сирек кездесетін  мамандарды кәсіпкер өзі іздеп табатынын жасырмады.

                Шара барысында  бүлдіршіндер мен балабақша көркемөнерпаздары ән айтып, би билеп көптің көңілін бір серпілтіп тастады.

                Алыс – жақыннан келген азаматтар  ақ дастарқаннан дәм татып, ақ тілектерін айтып аттанды.

   «Алтын ұя» балабақшасының қасынан  қосымша 80 орынды  балабақшаның  ашылуына  аудан әкімінің орынбасары Р. Мағрупова қатысты.

                Жылдың соңына дейін мектепке дейінгі мекемелермен қамтылған балалар саны 4995 болып, аудан бойынша  балаларды бақшамен қамту 98 пайызды құрайтын болады.

Жұмағазы Бейсебек,

Қазақстан  Журналистер  одағының мүшесі,  Панфилов ауданының «Құрметті азаматы».