Жаркентім – құтты мекен ел тұрағы

Жазиралы Жаркент өңірінде тағы бір шырайлы шара өтті. Қыркүйек айының 28-і күні аудан орталығындағы алаңда «Алмасу»  жобасы аясында «Жаркентім-құтты мекен ел тұрағы» атты мәдени шара өткізілді. 

   Аталған жоба аясында ауданымыздағы мемлекеттік мекемелер, этномәдени орталықтар, қоғамдық бірлестік ұйымдар мен меценаттар, тағы басқа да мекемелер бірігіп ұйымдастырған ауқымды іс-шара  ұлтаралық татулық  пен қазақ халқының дәстүрін  насихаттауға, ауданның әлеуеті мен ауыл  шаруашылық   дамуын көрсету, өскелең ұрпақтың тәлім- тәрбиесін кеңейтуге бағытталған. Іс-шара барысында әртүрлі  номинациялар тағайындалып, «Лагман пати», «Тандыр нан», ауыл шаруашылық өнімдері,  ұлттық тағамдар көрмесімен қатар Ә.Қастеев галереясынан, тағы басқа да ұйым-мекемелердің жетістіктерін көрсететін көрмелер қойылған. 

   Сондай-ақ басқа да қызықты шаралар өтті.

   Салқын самалы ескен сары алтын күзде, қырманымыз астыққа, көңіліміз шаттыққа толған жайма-шуақ кезде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында ауданымызда өткен бұл шарада аудан әкімі бастаған  зиялы қауым ашық аспан астында орналастырылған түрлі көрмелерді аралап көрді.

  Шара  барысында  ынтымағы жарасқан «Мәңгілік ел  болайық» деген қағиданы ұстанған, достығы  берік аудан жұртшылығының өткізіп отырған мерейлі шарасымен құттықтай отырып, аудан әкімі Темірлан Бектасов тұрғындарға  ізгі  тілегін  білдірді.

   Шара барысында аудандағы қоғамдық кеңестің төрағасы Ақан Оспанов сөз алып, үздік мемлекеттік қызметкерлерге және «Үздік аула» номинациясы  бойынша бір топ азаматтарды дипломдармен  марапаттады.

  «Алмасу»  жобасы аясында өткен мәдени шара соңында концерттік бағдарлама  тамашаланды.

Б. Жұмағазы.