Жырдың жауқазын өкілі

Ұлттық коды, пейілі Ұлы даласындай дархан, қаны таза, жан дүниесі керемет сұлу,әр сөзінен даналықтың лебі ескен, ержүрек қазақ халқы таланттарға  жаратылысынан  бай  болған.

 

«100 жаңа есім» ұлттық жобасының бүгінгі кейіпкері, тума талант иесі-Ақниет Аманжолқызы Төленді. Аудандағы қазақылық ынтымақ пен берекенің қаймағы бұзылмаған мекені - қасиетті Қоңырөлең ауылында 1995 жылы дүниеге

келіп ,Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-ін тамамдап отыр. Киелі поэзия жанрын жастайынан жанына сырлас еткен Ақниет қызымыз жастарға үлгі болар жетістікке жетіп, таланты шыңдалып келе жатқан жас қалам иесі.

            Ол халықаралық «Фараби әлемі» ғылыми конференциясында 2014 жылы 1 орынды, 2016 жылы II-орын алып, АҚШ-тың Огайо Университетінің арнайы мақтау қағазымен марапатталды. 2015 жылы Корея Республикасының «Pasco» Университетінің грант иегері атанды. «Айқын» республикалық газетінің 13 мүшайрасының жүлдегері атанып, жыр топтамалары «Жыр өңірі-Жаркент», «Жетісу жұлдыздары» ақындардың жыр жинағына енді. 2016 жылы Қазақстан Жазушылар Одағы республикалық ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбайдың демеушілігімен «Қоңырөлең» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді.

            Әдебиетті ардың ісі деп бағалайтын Ақниет Аманжолқызы Ф.Оңғарсынова, К.Ахметова сияқты қазақтың талантты ақын қыздарының жолын қуған жас ақын. Болашақта ғылыми жұмыспен де айналысуды алдына мақсат етіп қойып, жастайынан шығармашылықпен еңбектеніп жүрген Ақниет Аманжолқызының бойынан қазақ қыздарына тән табиғи қаһармандық пен рухани жан сұлулығының керемет үйлесім тауып тұрғандығы Жаратқанның берген ерекше сыйы ма дерсіз!

            Болашағынан үлкен үміт күттіретін, қасиетті қазақ елі мен туған жерінің мақтанышына, ата-анасы мен елінің үкілеген үмітіне айналып үлгерген Ақниет қызымыз «100 жаңа есім» ұлттық жобасының сүйікті кейіпкері болуға лайықты жұлдызды тұлға деп атауға әбден тұрады.

Бекмұхамет СЕР ІКБАЕВ ,

заңгер.