Еңбек елеусіз қалмайды

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жастардың үлгі алуына, заманауи Қазақстанның келбетін танытуға мүмкіндік беретін «100 жаңа есім» жобасы ұсынылған.Тәуелсіздікті нығайту, қоғамды өркендету жолындағы замандастарымыздың жетістіктеріне көңіл бөлу, олардың табысқа жету тарихын  кеңінен насихаттау қажеттілігіне баса назар аударған Елбасы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыруды тапсырды.

 

                Бұл есімдер қатарында біздің Жаркент қаласының да азаматтары еніп отыр. Жаркент көпсалалы колледжінің ұстаздары мен студенттері «100 жаңа есімге» енген азаматтарға арнап конференция өткізді.

                Бұл іс шараны колледж кітапханашысы: К.Бегімбетова ашты, Панфилов ауданынан 100 жаңа  есімге төрт жерлесіміз енгенін айтты.

                Конференция төрт бөлімнен тұрды. Әр бөлімі                 «100 жаңа есімге»  енген азаматтарға арналды.             Алғашқы есім Жаркент қаласының тумасы, көптеген кітаптардың авторы және аудандық «Жаркент өңірінің» бас редакторы Бағдат Айтмұқаеваға арналды. Осы есімге байланысты бірінші курс топ жетекшісі Г.Сабырбаева  баяндама жасады.

                Адамның жан дүниесін нұрландыра түсіретін, өмірді кемелдендіріп, ізгілік нұрын шашатын құдірет ол - өнер. Адам баласы өнер арқылы өмірдің қыр-сырын таниды. Өзін- өзі бағалап, кемелденеді. Жерлесіміз Жаркент қаласының тумасы, мәдениет қайраткері  Нұржан Жанпейісов  те «100 есімге»  еніп отыр. Ақынның өмірі  мен өнер жолын К.Қоршабекова  таныстырып өтті.

                Қай саладан алсақ та кез-келген үздік мемлекетпен тереземіз тең боларлықтай еңбек етуде. «Еңбек бәрін жеңбек» демекші,  қазіргі заманғы технологияларды және инновацияларды өндіріске енгізуге баса назар аударып, 1400-ден астам адам жұмыс істейтін «Universal» компаниялар тобының жетекшісі болып отырған және халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін, біздің елімізде және шетелде бәсекеге қабілетті инновациялық идеяларды жүзеге асыруда жоғарғы көрсеткішке ие болып отырған кәсіпорын басшысы Жаркент қаласының тұрғыны Кузиев Закиржанды  айтуға болады.

                Кәсіпкер жайлы Г.Нүсіпқожаева  өз тобының студенттерімен  зауыт директоры З.Кузиевпен сұхбаттасқан бейне материалдарымен слайд көрсетті.

                Қазақтың батыр жігіті, жерлесіміз, Пекин  олимпиадасының жүлдегері  қазақтың 100 есіміне еніп отырған Нұрбақыт Теңізбаев жайлы М.Салқынбаева  жақсы мәліметтер  беріп  өтті.

                 «Жаныңда жүр жақсы адам» демекші жерлестерімізді ең үздік жүздікке қосылуымен құттықтаймыз! Олардың жеткен жетістіктерімен ел мақтанады.

            Мақпал Қасымжанова,

                   Есбол  Динара,

колледж оқытушылары.