Рухани бірліктің тірегі

17.05.2019ж

Кең  байтақ  қазақ  елі  қазіргі таңда күллі әлемге өзінің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын ордасы екендігін паш етіп отыр.

 

      Діндер  үнқатысуын (диалогын) қамтамасыз ету, діни  төзімділікті, діни тағаттылықты нығайту – Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының шешуші басымдықтарының бірі болып табылады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің елімізде өтуі – әлемдік қауымдастықтың біздің елімізге деген құрметі мен зор сенімі.

     Еліміздегі қазіргі діни ахуал, оның даму жолындағы кездесетін сұрақтар мен мәселелер – тұтас ел болып толғанатын, қоғам болып қолға алатын ортақ мүдде. Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, бәрібір ол зайырлы мемлекеттің негізгі рухани тірегі болып қала бермек. Қазіргі таңда елімізде оңды-солды тіркеліп, діни үгіт-насихат жұмыстарын екпіндете жүргізіп жатқан әртүрлі діни бағыттағы бірлестіктер мен миссионерлердің істері – халқымыздың ұлттық болмысына, ата дініміздің өркендеуіне алаңдатушылығын туғызып отыр.     Еліміздегі бүгінгі діни ахуал жағдайында бұрынғы өлшеммен жұмыс істеуге болмайтыны белгілі ақиқат. Әр уақыттың өз талабы бар. Біз мемлекетіміздің дін саласында атқарылып жатқан игі істерді оң бағалап, қолымыз жеткен табыстарымызға тоқмейілсімей, осы бағытта жалғасты жұмыс жасауымыз қажет.

      Қазіргі кезде еліміздегі діни ахуал тұрақты екенін және азаматтардың діни сипаттағы наным-сенім құқықтарын қамтамасыз етуге мемлекет тарапынан қажетті жағдайлардың жасалып жатқанын баса атап айтуымыз керек. Дегенмен, аталған салада әлі де болса оң шешімін таппай отырған өзекті мәселелер жоқ емес. Бірлік – халқымыз үшін қастерлі сөз, қасиетті ұғым саналған. Дін саласындағы өзекті мәселелерді реттеуде біз ұлтаралық келісіммен қатар діни бірлікті де барынша нығайтуымыз қажет. Өйткені, діни бірлік болмайынша, ұлттық бірлік те болмайды. Діннің тұтастығы – елдің тұтастығы. Ал діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтырады. Мемлекетімізде ата дінімізді, ұлттық қасиетімізді,  әдет-ғұрыпымыз бен салт-дәстүрімізді қайта түлетіп, бәрін толық қалпына келтіруге тамаша мүмкіндік беріліп отыр.

      Ынтымағымыз жарасып, ырысымыз таси түссін десек, біз халықтың дінге деген шынайы сенімі мен құрметін шайқалтпай, азаматтардың имандылығын көтеріп, оны күшейтуіміз керек. Иман дегеніміз тұлғаны рухани кемелденуге бағыттайтын басты құндылық. Иманы берік адам ешкімнің ала жібін аттамайды, қылдай қиянатқа бармайды.

     Халқымызда «Иманды елді жау алмас» деген нақыл сөз бар. Олай болса, дәстүрін дәріптеп, дінін дұрыс ұстана білген ата-бабаларымыздың жолын лайықты жалғастырып имандылық пен ынтымақты, бірлікті ту етіп көтерейік, ағайын!

Р.МағРупова,

аудан әкімінің орынбасары.

 

Күнтізбе

« Маусым 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

booked.net