Сапсиған сақал, шорт кескен балақ

23.08.2019ж

Бүгінде жас жігіттер сақал қойып,  қысқарған балақпен жүр. Бұл туралы талай жиындарда айтылып –ақ келеді. Сондай-ақ бетін тұмшалап, қап-қара көйлек киген қыздардың  да қатары көбейгені алаңдаушылық тудырады. Сол себепті дәстүрімізге кереғар сақал бойып, қара жамылғандарға заңнамалық тұрғыдан тыйым салу керек-ақ. 

Салафизм ағымының аса қауіпті екенін соңғы он-он бес жылдан бері зиялы қауым өкілдері айтып келеді.

Мәселен, осыдан екі жыл бұрын жазушы Дулат Исабеков Елбасымен кездескенде осы мәселені көтерді. Жазушының айтуынша, еліміздегі діни ахуал өте күрделі жағдайда қалып отыр. Сол себепті ол бұл мәселеге айрықша көңіл бөлу керек деген пікірде. Ал Елбасының жат ағымға байланысты айтқан сөзі көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Әйтсе де, кейбір азаматтар сақалын шамадан тыс өсіріп, хиджаб киген азаматтарға қандай да бір шара қолдану дұрыс емес деген пікірде. Соған қарағанда, олар салафизмнің аса қауіпті ағым екенін әлі түсінбеген тәрізді.
Десек те, соңғы кезде өрімдей жас жігіттер сақалын сапситып қойып, балақтарын шорт кесіп тастады. Сондай-ақ бетін тұмшалап, қап-қара көйлек киген қыздардың қатары көбейді. Бұл біздің ұлтымызға да, сана-сезімімізге де , дәстүрімізге де келмейді. Қазақ қара киімді кісісі өлген кезде киген.
Жалпы қалай айтсақ та, құдай деген адамның жүрегінде болуы керек емес пе? Біз дінімізбен бірге ұлттық дәстүрімізді мықты сақтауымыз керек. Ата-бабаларымыз атамнан бері бөрік киген, ал келіндеріміз орамал тартып, аналарымыз кимешек киген. Жастарымыз бізге қажет емес ата-бабамыздан қалмаған өсиетке қарай жүретін болса, еліміздің жағдайы қалай болады?
Бізге қазақ еліне бірлігі мықты, болашағының жарқын болмағы керек. Ал жат ағымның сойылын соғушылар, Елбасы айтқандай, қазақты бөлетін әрекет жасап отырғаны жасырын емес.
Салафизм-еліміздің заңына да, халықаралық нормаларға да қайшы дүние. Осы ретте дінтанушылар салафизмге тыйым салу керектігін айтады. Егер салафизмге ресми түрде тыйым салынса, өрімдей жас жігіттердің сақалын сапситып, балақтарын шорт кесіп тастауы сап тиылар еді.
Сондай-ақ ел аман, жұрт тынышта қара жамылған қыздардың да қатары азайып, жұртшылық оларға үрке қарамас еді. Өкінішке орай, елімізде тыйым салынған «хизб ут- тахрир» мен «таблиғи жамағат» сияқты салафизм ағымдарына тосқауыл қою мүмкін болмай тұр.
Кейбір адамдар салафизмнің аса қауіпті ағым емес екенін айтып, ақтап алғысы келеді. Бірақ та күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, салафиттер намаз оқымаған ата-анасынан бас тартып, туған туыстарымен араласпай кетіп жатыр. Мәселен, інісі ағасының үйіне барып шәй ішуі мүмкін емес жағдайға айналды. Себебі жат ағымның жетегінде кеткен адам үшін намаз оқымаған бауыры кәпір болып саналады. Осының салдарынан бір ана, бір әкеден туғандардың арасындағы қарым-қатынас үзіліп, әртүрлі кикілжіңдер туындап жатыр. Ал дін исламда ет жақын адамдарыңнан бас тартпау керек екені туралы жақсы айтылғаны көпшілікке белгілі болса керек.
Бағдат Бейсенқызы.