БАЛАЛАРЫМЫЗДЫ ИМАНДЫЛЫҚҚА ҮЙРЕТЕЙІК

08.05.2020ж

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», - деген қазақ халқы отбасының беріктігіне, балалардың жауапкершілігіне көп нәрсені  байланыстырады. Балаларына жастайынан жан-дүниесі мен мінез-құлқын қалыптастыру және өз тілі мен дінін үйрету ата-ананың ең басты міндеті. Ол үшін балаларымызды жастайынан өз тіліне, дініне, яғни мұсылманшылыққа үйретуіміз керек. Мұсылман  адам иманды болады. Иманды адам өзіне-өзі сенетін, қылмысқа бармайтын, жетім-жесірдің ақысын жемейтін, Алла Тағаладан келген бұйрықтарды орындап, жүрекпен сеніп, тілмен сөйлейтін салауатты мұсылман.

 

                Мұсылмандардың тұтынар тағлымы, тиянақ табар тұғыры – имандылық, адамгершілік және осылар арқылы келетін адамдардың өзара ынтымақ бірлігі. Ислам діні бізді осыған үйретеді. Ислам діні түрге, тілге, ұлтқа  бөлмейді. Алланың бірлігін, Пайғамбардың хақтығын мойындаған мұсылман баласының бәрін «бауырым», - деп ішке тартады, барымен бөліседі, көмегін аямайды. Мұсылмандардың қай заманда да уағыздайтыны – имандылық, адамгершілік, адалдық пен тазалық, көздейтін мақсаты – елдің  тыныштығы, халықтың ынтымақ бірлігі.

                Кеңес дәуірінде өз тілімізді, өз дінімізді ұмытып қала жаздағанымыз да рас. Міне, қазір санаулы жиырма бес жылдан астам уақытта, құдайға шүкір, өркениетті елдермен терезесі тең тәуелсіз мемлекет болдық. «Өткенге –салауат, қалғанға – берекет», - дейді мұсылмандар  мұндайда. Қалғанына берекет тілейік, ағайын! Балаларымызды жергілікті мешіт, медреселерге беріп, имандылыққа үйретейік.

                Кейбір ата-аналар: «Балам медресені бітіргенде қандай  мамандық алып шығады», - деп сұрайды. Ал енді біреулері: «Ұл балалар мейлі, ертеңгі күні молда болып шығады, ал қыз балалар, сендерге не жоқ? - деп балаларының көңілін айнытады. Шамасы ол ата-аналар мешіт, медресені молда дайындау үшін ашып отыр деп ойлайтын болса керек. Әрине, бұл шариғатты білмеу болып табылады, ол үшін оларға не деп кінә қоюға болады. Бәріне кешегі капас заманның саясаты кінәлі.

                 Біріншіден, молда болу ешқашанда кәсіпке  жатпаған. Молда болуды кәсіп деп есептеген немесе құрмет иесі болуды көздеген адамдар туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) былай  деген: «Кімде-кім көп дүние табу үшін ілім оқыса, дүниеден өткенде мүнәфық болып өтеді, кімде-кім ізет-құрмет үшін оқыса дүниеден надан болып өтеді». Екіншіден, мешіт, медреселерге Алла кіреді, иман пайда болады. Өйткені, адамды жақсы қасиетке тек иман ғана жеткізеді. Мешіт, медресе босағасын аттаған әрбір шәкіртті иманды деуге болады. Өйткені, олар шариғат үкімін оқиды. Шариғат дегеніміз – Алла  Тағаланың жалған дүниеде адамзатқа көрсеткен туражолы. Осы жолмен жүрсек екі дүниеде де адаспаймыз. Жалған дүниедегі кәсібімізді адал немесе арамын ажыратсақ ақырет үшін сауап табуды үйренеміз.

                Ең бастысы – жалған дүниедегі әрбір істеген ісіміз үшін Алла алдында жауап беретінімізді білуіміз, одан қорқуымыз керек. Міне, осы қорқыныш адам жанына шын мәнінде ұялағанда ол адамда иман пайда болады. Қазіргі өмірімізден бір мысал келтірейін. Мектепте он бір жыл, одан соң жоғары оқу орнында тағы бес жыл оқып,қызметке орналасқан оларға мемлекеттің дүниесін талан-таражға сал, мұсылмандардың ақысын же деп ешкім үйреткен жоқ. Сонда өз жеке басының қамы үшін ештеңеден тайынбайтындар, ұрлық, бұзақылық жасап ата-анасын тастап кететіндер қайдан шығады? Оның бір ғана жауабы бар. Ол – Алланы және оның құдіреттілігін білмегендіктен, иманы жоқтан шығады. Осының салдарынанадамдар барлық тауқыметті бастарынан өткереді. Ал жастайынан мешіт, медреседе оқып,  одан кейін басқа кәсіпті ұстаған болашақ азаматтар жалған дүниедегі жолын дұрыс  танитын болады. Сондай-ақ дінді үйреніп,оны өзгеге шын көңілінен үйретемін дегендер ғана дін иесі бола алады.

                Мұсылмандар ел бірлігін, халық тыныштығын тілеп, өздерінің дүйім мұсылман бауырларын имандылыққа, адамгершілікке, ізгілікке бастар Алланың ақ жолына шақырады. Міне, ол нағыз – мұсылман.

Жұман  МАТАЙ.