Сауатты шәкірт – ел болашағы

Әлемде және елімізде соңғы жылдары орын алған лаңкестік әрекеттер мемлекеттің дін саласындағы саясатқа күрделі өзгерістер жасауға итермелеуде. Осы орайда 2017 жылы «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданып, сол бағытта ауқымды іс-шаралар жүргізіліп қолға алынуда.


Мемлекеттіміздегі тұрақтылық пен тұтастықты, ел қауіпсіздігін қаматамасыз ету мақсатында қоғамда діни радикализм мен фанатизмге төзбеушілік түсінігін қалыптастыру – күн тәртібінде өткір тұрған мәселелердің бірі.
Өкінішке қарай дінге бет бұрған кейбір азаматтарымыз діни сауатының төмендігінен немесе мүлде жоқтығынан түрлі жат пиғылды топтардың жетегінде кетіп, өз елімізде лаңкестік әрекеттерге барумен ғана шектеліп қалмай, әлемдік саясаттың құрбанына айналып, шет ел асып, соғыс майданынан бір-ақ шықты. Бұл дінге берілгендік немесе діндарлықтың көрінісі емес – керісінше, нағыз сауатсыздық пен рухани таяздықтың жемісі.
Сондай-ақ исламтану саласында білім алып жүрген кейбір студенттердің де ғылымды діни және дүниәуи деп бөліп, соңғысын оқуға құлықсыздық танытуы да өз кезегінде діни сананың әлі жеткілікті деңгейде қалыптаспағандығын көрсетеді.
Ислам дінінде Алла Тағаланың ең алғашқы бұйрығының: «Оқы!» деп келуінің өзіндік үлкен астары бар. Иә, Құран Кәрімнің алғашқы әмірі «Оқы! Раббыңның атымен...» деп басталған («Алақ» сүресі 96/1). Бірақ бұл жерде тек «Құранды оқы!» деп ашық айтпаған, тіпті «Сендерге берілген кітапты оқыңдар» да демеген. Бұл «оқы» деген бұйрықтың мәнісін де Құран өзі түсіндіруде: «Оқы, сол жомарт раббыңның атымен оқы, ол адамға қаламмен жазуды үйретті» («Алақ» сүресі, 96/3-4).
Жалпы ғылымның түпкі мақсаты – өзін, қоршаған ортаны тану арқылы Жаратқанды табу. Мұсылман ғалымдары арасында кең тараған «Мән арафа нәфсәһу фақад арафа раббаху», яғни «Өзін таныған адам Раббысын да танығаны» деген сөз де осыны көрсетеді. Яғни ақиқатқа жету жолында ғылым маңызды құрал болып саналады. Қиямет қайымға дейін келетін адамзатқа жетекшілік жасап, жол сілтейтін Кітаптың осы сөзді таңдауы мұсылмандарға ғылым-білімнің маңызын ұқтыру жолындағы ең алғашқы қадам болып табылады.
Құранда білу деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз өтеді. Ғылым деген сөзбен мағыналас «хикма» мен ғалым деген мағынаға келетін «хаким» сөздерін де қоса кетуге болады. Мәселен, Хикма сөзі 20, хаким сөзі 97 жерде өтеді. Қосымша «білу» деген мағынаға келетін «марифа» сөзі 70-ке жуық жерде кездеседі.
Алла Тағаланың ғылым-білімге ынталандырған бірнеше ғана аяттарын келтіре кетейік. «Бақара» сүресінің 269-аятында: «Ол хикметті (даналықты) қалаған пендесіне нәсіп етеді. Кімге даналық берілген болса, расында оған қыруар игілік берілгені. Алайда (бұл ақиқатты) тек шынайы ақыл иелері ғана терең түсініп, ғибрат ала алады».
«Жер бетінде (Аллаға) қалтқысыз иланғысы келетін жандар үшін көптеген айдан анық айғақ бар» («Зәрият» сүресі, 20-аят), «Уа, Раббым! Білімімді арттыра гөр!» – деп айт» («Таһа» сүресі: 20/114), «Оларға: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» – деп айт» («Зумәр» сүресі: 39/9), «Алла тағала сендердің араларыңнан иман келтіргендердің, сондай-ақ, өздеріне ілім нәсіп болғандардың дәрежесін көтеріп, мерейін өсіреді».
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) да үмбетін оқып-білуге ынталандырған хадистері жетерлік. Әбу Дәрда (р.а.) жеткізген мына хадис ғылымның артықшылығының көптеген қырларын қамтыған: «Алла елшісінің (с.ғ.с.): Кімде-кім білім жолына түссе, Алла тағала оған жұмаққа барар жолды жеңілдетеді. Періштелер де білім алушының талабына дән риза болып, аяғының астына қанаттарын жайып, ізет көрсетеді. Сондай-ақ, жеті қабат аспан мен жердегі барлық жаратылыс атаулы, тіпті судағы алып балықтар да шынайы ғалым үшін Алладан жарылқау тілейді.
Ғалымның білімсіз діндардан артықшылығы толған айдың өзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді. Расында шынайы ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері. Шынтуайтында, пайғамбарлар мұра ретінде динар мен дирхам емес, тек қана ілім қалдырды. Кімде-кім сол ілімнен сусындаса, мол несібеге кенелгені – деп айтқанын естідім» – деген. (Тирмизи, ильм 19; Әбу Дәуіт, ильм 1).
Осы аят-хадистерді үмбетіне жеткізген Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоғамдағы надандық пен сауатсыздықты жою үшін сол кездегі мүмкіндіктің бәрін пайдаланып, қолынан келгенін жасады. Соның нәтижесінде қысқа уақыттың ішінде сауатсыздық жойылып, әлемге нұр шашқан ғалым-ғұламалар жетіліп, адамзаттың игілігі жолында өшпес мұраларын қалдырды.
Мұсылмандардың адамзат өркениетінің дамуына үлес қосқан «алтын ғасырында» құқық, тәпсір, хадис және кәләм секілді дін ғылымдары саласында ғылымға ғашық өте әйгілі дін ғалымдары өсіп жетілсе, бертін келе медицина, математика, география, астрономия т.б. жаратылыс ғылымдары саласында да жүздеген ғалымдар жетіліп, құнды ғылыми мұраларын адамзатқа тарту етті.
Жалпы Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың хадистеріне мұқият үңілгенде араб тіліндегі «Илм», яғни ғылым сөзінің жалпы түрде келгенін байқаймыз. Ғылым деген кезде тек қана діни білім көзделмеген.
Міне осының сырын терең ұққан мұсылмандар алғашында дін саласын игерумен қатар бертін келе, ғылымның барлық салаларымен айналысып, қазіргі зманауи ғылым-білімнің өркендеп дамуына негіз қалап кетті.
Өкінішке орай, ең адғашқы бұйрығы «Оқы» деп келген мұсылман үмбетінің қазіргі жағдайы көңіл көншітерлік емес.
Ғылым-білім саласына қосып жатқан үлестері жоқтың қасы. Көптеген мұсылман елдерінде оқу-жазу сауаттылығы мүлдем төмен. Соның салдарынан қазіргі таңда өркениет көшінің соңында келеді. Бұл әрине орта ғасырларда күллі адамзатты өзіне тәнті еткен, кітабы – Құран, ұстазы – Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болған иісі мұсылман баласы үшін мақтанар жағдай емес. Сондықтан мұсылман баласы өзінің адамзат тарихындағы мақтанышқа толы орнына қайта жайғаса алуы үшін, білім-ғылымға ерекше мән беруі керек. Жасалуы қажет ең үлкен жихад қараңғылыққа, сауатсыздыққа, рухани жұтаңдыққа қарсы бағыталуы тиіс.
Осы Орайда Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деуі біздерге де ой салуы қажет.
Діни радикализм мен экстремизмнің алдын алуда білікті де білімді мамандарға деген сұраныс өте жоғары.
Өз кезегінде бұл қажеттілік кейбір талаптарды да алға тартады. Сондықтан да дін саласының мамандары өз тарихын, ұлттық құндылықтарын, ділі мен дінін жақсы білуі, сондай-ақ білім мен ғылым күн санап дамып отырған қазіргі заманда бәсекеге қабілеттілік таныта алуы ең негізгі талаптардың бірі.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
дінтанушы, PhD докторы,
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті.