Қоғам тұрақтылығының кепілі

Қазақстан  жаңа  тарихи   кезеңге аяқ басты: қазір рухани жаңғырудың, ұлттық сананың жаңғыруының бағыт-бағдарын айқындап, Елбасымыз айтқандай, революциялық емес, эволюциялық дамитын кезең. Мемлекетіміздің жаңғыру кезеңінде мемлекет пен дін қатынасының қазақстандық үлгісін жасақтау – жаңа белестерге жол ашып, көпконфессиялы қоғамымыздың тұрақтылығын сақтаудағы маңызды қадам.

 

                Сан ғасырлық қатпарлы тарихымызға көз жүгіртсек біздің ұлан байтақ елімізде түрлі ұлттардың діни наным-сенімдері, мәдениеттері қатар өмір сүргендігіне көз жеткіземіз. Жалпы дін адамдар дүниетанымы мен эстетикалық талғамын қалыптастыруға, қоғам мүшелерін құрметтеп, айналаға мейіріммен қарауға, бейбіт өмірді қамтамасыз етуге, татулық пен тыныштыққа қызмет етіп қана қоймай, адамның жан дүниесін иман нұрымен нұрландырып, көркем мінез бен сабырды серік етуге жетелейтін бірден-бір ілім. Қоғамның ең басты байлығы – адам болғандықтан, адамға тура жол көрсетіп, ақ пен қараны ажыратуда діннің алар орны ерекше екендігін ата-бабаларымыз іс жүзінде көрсетіп берді. Бұл да біздің ата-бабаларымыздың діни төзімділіктің озық үлгісін көрсетіп бере алғандығының дәлелі.  Баға жетпес байлығымыз – бабаларымыздан өсиет болып қалған, халқымызға қасиет болып қонған бақыт-бірлігіміз екендігін, құнды қазынамыз – тарих табыстырып, тағдыр тоғыстырған халқымыздың бірлігі болғандықтан ел татулығын сақтаудың бүгінгі таңдағы маңызды іс-шараның бірі.

                Дін мәселесі – рух мәселесі. Дінге руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алған жөн. Діннің рухани әлеуетін мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Дәстүрлі рухани құндылықтардың негізінде де дәл осы – діннің рухани мәнін терең түйсініп, қапысыз сіңіру, бейнелі түрде айтсақ, руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпаған жөн.

                Дін мен дәстүрлі құндылықтардың байланысы терең тамырлы. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру  мәнері, моральдық нормалар, қарым-қатынас әдебі, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Бір сөзбен айтқанда дін – рухани мәдениет феномені, ол қоғамдағы кез келген феноменнен анағұрлым бай, маңызды және ықпалды. Сондықтан мемлекет дамуында зайырлылық қағидаттарын сақтау мен насихаттаудың маңыздылығы, дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың негізгі қағидалары мен басым бағыттарын айқын жеткізуіміз керек.

                Қазақстан – зайырлы мемлекет, ал зайырлылық – құқықтық ұстаным. Дін мен мемлекет қатынасының жаңа моделін  қалыптастыру мемлекетіміздің зайырлылық үлгісін басты назарға алады. Себебі, зайырлылық ұстанымы жат ағымдардың  идеологиясымен күресудің басты қалқаны болмақ. Дін мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Сондықтан, дін – дұрыс түсінген адам үшін рухани кемелденуге жетелейтін, ал қате түсінген адам үшін қиындыққа бастайтын жолға айналуы мүмкін.

                Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Біз кез келген қиындықты бейбітшілік, келісім және тұрақтылық негізінде жеңіп шығамыз. Дінаралық және ұлтаралық келісім – біздің басты байлығымыз» деген ойы әрбір Қазақстан азаматының күнделікті ұстанымына айналуы тиіс. Дiн мен мемлекеттiк мүдденің түйiсер жерi – елдiң тұтастығы және қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы.

 Роза  Мағрупова,

Панфилов   ауданы

 әкімінің   орынбасары.