Дәстүр үндестігі

Дін мәселесі қашанда өзекті. Қазіргі таңда республика көлемінде тұрақтылық пен келісімді сақтау мен насихаттау жұмыстары үнемі жүргізілуде. Дегенмен, ұлттық және діни мәселелер жөнінде туындап отырған жанжалдар, террорлық әрекеттер ұлттық қауіпсіздік мәселесін айрықша назарда ұстауды талап етеді.

 

                Осыған орай, Панфилов аудандық ішкі саясат бөлімі, Білім және инновациялық технологиялар орталығы,  «Жаркент жастары 2050» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Зайырлы  қоғам: дін және дәстүр ұштастығы»  атты тақырыпта форум болып өтті. Форумға аудандық мәслихат депутаттары, тарих және дінтану пәнінің мұғалімдері, аудан,  ауыл  округ әкімшіліктерінің мамандары, дінтанушы, теолог мамандар, имамдар, студенттер қатысты.

                Шараны  ашып, жүргізіп отырған  аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы  Марат Илипов бұл форум –дін саласындағы өзекті мәселелер туралы ашық, әрі шынайы әңгіме құруға және алдағы жылдарға арналған міндеттерді нақты айқындауға жақсы себеп екендігін айтып өтті.

                Алғашқы сөз кезегін ҚР БҒМ ҒК философия, саясаттану және дінтану институтының PhD докторанты Жүзей Мырзахмет алды. Ол ұрпақ  тәрбиесіндегі діннің алатын орны, діни сауаттылық, әлеуметтік желінің зияны сияқты бірқатар  маңызды мәселелерге тоқталып, мәнді мысалдарымен қатысушыларға үлкен ой салды.

                Осыдан соң тарих ғылымдарының магистрі, PhD докторант Руслан Сейтқазиев ислам дінінің даму тарихына шолу жасады. Баяндамашы ислам діні - қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі екендігін, ғасырлар бойы сабақтасып келе жатқан дініміз бен дәстүрімізді құрметтеу – баршамыздың парызымыз екенін тілге тиек етті.

                Форум барысында Панфилов ауданының бас имамы Шәріп Серік,  Жаркент православиелік шіркеуінің әкейі игумен Вианор сөз алып, діннің ешқашан соғысқа шақырмайтынын, бейбітшілікті, білімді насихаттайтынын айта келе, бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе болған Исламдағы  жат ағым жолына түсіп кетпеуді, одан барынша сақтану жолдарын түсіндірді. Аудандағы дін саласында атқарылған жұмыстар туралы Панфилов аудандық дін істері жөніндегі теолог-маманы Жомарт Қонысбаев, дін мен дәстүр сабақтастығы жөнінде Дәулетбек Айнұр баяндама жасады.

                «Зайырлы қоғам: дін және дәстүр ұштастығы» форумын аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат  Тайлақұлы қорытындылады.

Ж.Ержанқызы.