Дін саласындағы енгізілмек заң жобасы – қауіпсіздік кепілі

Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласы аясында өткізілген жиында дін саласындағы заңнамадағы  өзгерістер, деструктивті діни ағымдардың алдын алу мәселелері сөз болғаны мәлім.

    Сондықтан да кейбір діни қызмет және діни бірлестіктер заңнамалық актілері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы  әзірленген заң жобасы дайындалды. Жоба дайындау барысында мем­лекеттік органдардың, қоғам­дық бірлестіктердің, эксперттер, дінтанушылар ғылыми қауымдастықтың  және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен азаматтардың ұсыныс­тары мен пікірлері барынша ескері­ліп, қолданыстағы заң­на­маларға жаңа нормаларды енгізуде халық­аралық тәжірибеге назар аударылғаны анық.Жаңартылған заңнаманың екі кодексі мен 9 заңына 47 өзгеріс енеді.Қоғамдағы әр түрлі топтардың арасында діни экстремизмнің алдын алуға белсенді қатыса алатын дінтану, теология және исламтану саласындағы мамандардың біліктілігіне қойылатын талаптар өсті. Сондықтан да заң жобасы шетелде діни білім алуды реттеуді көздейді. Қазір қазақстандықтардың шетелде діни білім алуына шектеу қою туралы эксперттердің ұсынысы қарастырылып жатыр. Себебі шетелде білімін жетілдіремін деп ретсіз діни білім алуы, көбінесе олардың деструктивті діни идеологияның жетегінде кетуіне және өзге ілімді бүгінгі қоғамға әкелетіндігі, өз елінде маман ретінде сұранысқа ие болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан шетелдің күмәнді діни оқу орындарындағы қазақстандықтарды елге қайтару мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Осыған байланысты азаматтарымыздың шетелдік діни білім беру ұйымдарында теологиялық білім алу тәртібі реттеуді талап етеді. Осыған байланысты азаматтарымызға өз отанында  діни білімді алу мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет және еліміздегі діни жоғары оқу орындары  жетілдіру қажеттігі туындап отыр.

    Жобада дінге деген көзқарасына қарамастан барлық азаматтардың құқықтарын қорғайтын нормалар нақтыланады. Оның ішінде, дінге қатысты азаматтардың сезімдерін қасақана қорлауға, кемсітуге жол бермеу мәселесі қарастырылды. Қазіргі таңда облыстық дін істері басқармасы мен оған қарасты орталықтарға деструктивті діни ағымдардың өкілдері тарапынан халықтың діндар және белгілі бір дінді ұстанбайтын бөлігін сенбеушілікке айыптау, сезімдерін қорлау мен белгілі бір дінге қатыстылығына орай кемсіту фактілері бойынша азаматтардан өтініштер түсуде. Бұдан бөлек діни бірлестіктердің қаржылық амтамасыз ету, діни әдебиетті тарату бойынша жауапкершілікті арттыру, қоғамдық орындарда адамның түрін тануға кедергі келтіретін қара жамылған киімдерге, бетті тұмшалауға заңмен тыйым салу, және т.б. өзгерістерді енгізу қарастырылуда. Бұл өзгерістердің барлығы қоғам тарапынан келіп түскенін атап өту керек.

    Заңнамада  деструктивті идеологиялық ағымның белгілеріне, қызметіне, қоғамдағы қандай да бір көріністеріне тыйым салу мәселесі басты назарға алынып отыр. Елбасы соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен дініне мүлде жат екендігін үнемі айтып отырады. Бұл ретте бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киімді  қоғамдық орындарда киіп жүруге, вакцинацияға, дінтанулық сараптамадан өтпеген материалдарды таратуға, деструктивті идеологияны насихаттауға қатысты заңнама талаптарын бұзу тиісті жауапкершілікті жүктейді.

     Діни радикализм және экстремизм идеологиясы қоғам санасына жаһандық ақпараттық-коммуникациялық желілер, ғаламтор кеңістігі, заманауи электронды бағдарламалық қосымшалар арқылы ақпараттық-психологиялық әсер ету жолымен еніп,  өз қатарын көбейту мақсатында негізгі дискурсті жастарға бағыттайды. 

      Қоғамға, әсіресе жастарға мақсатты бағытталған әрекет әлеуметтік желілер арқылы, сондай-ақ экстремистік және террористік идеялар еселеп қамтылған видеороликтерді, діни әдебиеттерді заңсыз түрде тираждау мен насихаттау арқылы жүзеге асады.

     Бүгінгі радикалды ағымдардың басты мақсаты дін мен дәстүрдің сабақтастығын, сонымен қатар осының негізінде қалыптасқан дәстүрлі рухани құндылықтарды жоюды көздейді. Радикалды діни идеологияның әсерінен қоғамның жекелеген өкілдері өзгеріске ұшырайды, азаматтардың мемлекетке деген әлеуметтік сенім деңгейі төмендейді, патриотизм мен ынтымақтастық сезімі жойылады, құндылық бағыттары мен этикалық нормалар өзгереді, отбасына іріткі салынады, қоғам жікке бөлінеді.

    Діни экстремизм идеологтарының зайырлы мемлекет қағидалары мен негіздерін, азаматтық бірегейлікті жою әрекеттері қоғамдағы шиеленістің өршуіне, радикалды діни ағым өкілдерінің, оның ішінде халықаралық террористік ұйымдардың қатарына қосылу үшін заңсыз шет елге шығу санының артуына алып келуімен қауіпті.  Осыған байланысты радикалды идеология өкілдері мемлекеттің зайырлы принциптері мен қағидаларына деген қоғамның теріс көзқарасын тудыруға тырысып бағуда. Алайда зайырлық – бұл дінді жоққа шығару емес. Зайырлы мемлекетте дін институты шектеулі жағдайларда өмір сүреді. Мемлекет кез келген діни бірлестіктің қызмет жасауы үшін теңдей жағдай жасайды, олармен әріптестік қатынастарды ұстанады.

     Жастардың деструктивті ағымдар идеологиясының алдындағы әлсіздігі факторлары әлеуметтік-экономикалық проблемаларының болуы, әлеуметтік әділетсіздік сезімі, өмірлік тәжірибелерінің жоқтығы, сыни қабылдау қабілетінің төмендігі болып танылады. Осыған орай жоғарыда айтып кеткеніміздей заң жобасында азаматтарымыз елімізде   діни білімді алу мүмкіндігін қамтамасыз ету қажеттігі туралы біршама өзгерістер енгізілді.

    Бүгінде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен оған ұарасты облыс қалалық дін істері басқармалары мемлекет пен дін арасындағы қатынастың жаңа моделін қалыптастыру бағытта аянбай еңбек етуде.

 Пайдаланған әдебиеттер

  1. Қазақстан Республикасының  дін саласындағы мемлекеттік саясатының

2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы

2. Нұрлан Ермекбаев Мәжіліс депутаттарына дін саласындағы заң жобасын таныстырды

https://din.diakom.gov.kz/kk/news/nurlan-ermekbaev-mzhilis-deputattaryna-din-salasyndagy-zan-zhobasyn-tanystyrdy

 

 

 

Нүсіпханов Тимур