Заң жобасы – қауіпсіздік кепілі

Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласы аясында өткізілген жиында дін саласындағы заңнамадағы  өзгерістер, деструктивті діни ағымдардың алдын алу мәселелері сөз болғаны мәлім. Сондықтан да кейбір діни қызмет және діни бірлестіктер заңнамалық актілері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы  әзірленген заң жобасы дайындалды.

 

                Жоба дайындау барысында мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, эксперттер, дінтанушылар ғылыми қауымдастықтың  және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен азаматтардың ұсыныстары мен пікірлері барынша ескеріліп, қолданыстағы заңнамаларға жаңа нормаларды енгізуде халықаралық тәжірибеге назар аударылғаны анық.

                Жаңартылған заңнаманың екі кодексі мен  9    заңына   47   өзгеріс енеді.

                Қоғамдағы әр түрлі топтардың арасында діни экстремизмнің алдын алуға белсенді қатыса алатын дінтану, теология және исламтану саласындағы мамандардың біліктілігіне қойылатын талаптар өсті. Сондықтан да заң жобасы шетелде діни білім алуды реттеуді көздейді. Қазір қазақстандықтардың шетелде діни білім алуына шектеу қою туралы эксперттердің ұсынысы қарастырылып жатыр. Себебі шетелде білімін жетілдіремін деп ретсіз діни білім алуы, көбінесе олардың деструктивті діни идеологияның жетегінде кетуіне және өзге ілімді бүгінгі қоғамға әкелетіндігі, өз елінде маман ретінде сұранысқа ие болмауына әкеп соқтырады.

                Қазіргі таңда облыстық дін істері басқармасы мен оған қарасты орталықтарға деструктивті діни ағымдардың өкілдері тарапынан халықтың діндар және белгілі бір дінді ұстанбайтын бөлігін сенбеушілікке айыптау, сезімдерін қорлау мен белгілі бір дінге қатыстылығына орай кемсіту фактілері бойынша азаматтардан өтініштер түсуде.                                             Бұдан бөлек діни бірлестіктердің қаржылық қамтамасыз ету, діни әдебиетті тарату бойынша жауапкершілікті арттыру, қоғамдық орындарда адамның түрін тануға кедергі келтіретін қара жамылған киімдерге, бетті тұмшалауға заңмен тыйым салу, және т.б. өзгерістерді енгізу қарастырылуда. Бұл өзгерістердің барлығы қоғам тарапынан келіп түскенін атап өту керек.

                Заңнамада  деструктивті идеологиялық ағымның белгілеріне, қызметіне, қоғамдағы қандай да бір көріністеріне тыйым салу мәселесі басты назарға алынып отыр. Елбасы соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен дініне мүлде жат екендігін үнемі айтып отырады. Бұл ретте бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киімді  қоғамдық орындарда киіп жүруге, вакцинацияға, дінтанулық сараптамадан өтпеген материалдарды таратуға, деструктивті идеологияны насихаттауға қатысты заңнама талаптарын бұзу тиісті жауапкершілікті жүктейді.

                Діни радикализм және экстремизм идеологиясы қоғам санасына жаһандық ақпараттық-коммуникациялық желілер, ғаламтор кеңістігі, заманауи электронды бағдарламалық қосымшалар арқылы ақпараттық-психологиялық әсер ету жолымен еніп,  өз қатарын көбейту мақсатында негізгі дискурсті жастарға бағыттайды.

                Қоғамға, әсіресе жастарға мақсатты бағытталған әрекет әлеуметтік желілер арқылы, сондай-ақ экстремистік және террористік идеялар еселеп қамтылған видеороликтерді, діни әдебиеттерді заңсыз түрде тираждау мен насихаттау арқылы жүзеге асады.

                Бүгінгі радикалды ағымдардың басты мақсаты дін мен дәстүрдің сабақтастығын, сонымен қатар осының негізінде қалыптасқан дәстүрлі рухани құндылықтарды жоюды көздейді. Радикалды діни идеологияның әсерінен қоғамның жекелеген өкілдері өзгеріске ұшырайды, азаматтардың мемлекетке деген әлеуметтік сенім деңгейі төмендейді, патриотизм мен ынтымақтастық сезімі жойылады, құндылық бағыттары мен этикалық нормалар өзгереді, отбасына іріткі салынады, қоғам жікке бөлінеді.

                Бүгінде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен оған қарасты облыс, қалалық дін істері басқармалары мемлекет пен дін арасындағы қатынастың жаңа моделін қалыптастыру бағытта аянбай еңбек етуде.

               

Тимур  Нүсіпханов.