Зайырлы мемлекет және дін

  Мамыр айының 15- күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Зайырлы мемлекет және жоғары руханият – болашағы біртұтас ұлт тұғырнамасы»  атты облыстық семинар өтті. Бұл шара облыстық, аудандық ақпараттық  насихат  тобының  жұмыс жоспарына сәйкес  аудан әкімдігінің, «Білім және жаңа инновациялық технологиялар  орталығы» қоғамдық қорының сондай-ақ «Жаркент Жастары-2050» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.

 

                Облыстық семинар елімізде діни  экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында азаматтардың сана-сезімінде маңызды идеологиялық құндылықтар мен  қағидаларды қалыптастыру  мақсатында  ұйымдастырылды.

                Шараға Алматы облыстық дін істер басқармасының  басшылары,  мекеме, бөлім меңгерушілері, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық дін танушылар және діни бірлестік жетекшілері, қала және ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері, «Нұр Отан» партиясының және  үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері,  білім және денсаулық сақтау  саласының қызметкерлері, ауданымыздың  азаматтық қоғам институтының өкілдері, жастар ресурстық орталығының кеңесшілері  және БАҚ өкілдері қатысты.

                Семинарды аудан әкімінің орынбасары Р. Мағрупова ашып жүргізіп отырды.

                «Зайырлы мемлекет және жоғары руханият – болашағы біртұтас  ұлт  тұғырнамасы»  атты   семинар барысында «Алматы облыстық дін істері басқармасы» Мемлекеттік мекемесінің «Дін саласындағы мәселелерді  зерттеу орталығы» директорының міндетін атқарушы Айгүл Әлі, «Нұр-Мүбәрәк» Египет Ислам  мәдениеті Университетінің магистрі, дінтанушы Марат Байболатов,  Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі, тарих ғылымдарының докторы  Руслан Сейтқазиев, осы университеттің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, білім және жаңа инновациялық технологиялар орталығының директоры Жанат Сманқұлова, Алматы  облысы ІІД-нің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының  бөлімше бастығы Мырзағазы Малмақов, аудан имамы Серік Шәріп  сөз алып, діни экстремизм мен тероризмнің алдын-алу бойынша тұрғындардың потенциалын арттыруға бағытталған баяндамалар мен түйінді ойлар, дәстүрлі  діннің тарихы, мәдениеті мен қазақ халқының рухани мұрасы жөнінде  ақпараттандырылды.

                Барлық діндер мен этностардың бейбіт өзара әрекетіне  бағытталған мемлекеттік саясаттың  мәнін түсіндіру жан-жақты қамтылды және кез-келген дінаралық сұхбат біздің еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету факторы ретінде аса маңызды екені туралы түсінік берілді.

                Шара барысында түрлі сұрақтар қойылып, оған қанағаттанарлықтай жауаптар қайтарылды.

Ж.Бейсебек.