Ұлт болашағы-иманды ұрпақ

Ислам діні білім мен ғылыми өзгерістерге бейімделуді құптап, қуаттай түседі. Асыл дінімізде мұсылман үмбетіне, күллі адамзат баласына парыз болған амалдың бірі – білім мен ғылым үйрену. Білімді мұсылман – толыққанды мұсылман. Құранның адам баласына түсірген бірінші сөзі – «Оқы!» деп басталғаны бекер емес. Қасиетті Құран Кәрімнің «Мүжәдала» сүресінің 11-аятында: «Алла Тағала сендерден иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді, істегендеріңді толық біледі», – делінген.

 

  Елбасы халыққа арнаған Жолдауында: «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде»,- деп атап  көрсеткен еді.

                 Ежелден дінге берік, салт-дәстүрін жоғалтпаған,  тамырын  тереңге тартқан текті халықтың ұрпағымыз. Әр ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты саналы ұрпақ тәрбиелеу.  Ал жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде дәстүрлі дініміз, халықтық салт дәстүрлердің тәлім -тәрбиелік білім танымдық  маңызы  зор.

     Тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін, жерін, Отанын сүюшілік секілді ең асыл қасиеттерді  қан мен жанына сіңіруде осы ата-бабамыздың  ұстанған  жолын  дінін-дәстүрінін аясын да тәрбиелесек  өте ұтымды болар еді. Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені, дәстүрлі дініміздің қағидаларын  өнегелі дәстүрді, адамгершілігі бар асыл қасиеттерді жастар бойына қалыптастыруда,оны ұтымды пайдалану аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз.

       Бүгінгі    күнде   жастарды әдепті де саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат мұраларын жастардың санасына сіңіре білу басты міндетіміз болуы қажет. Жас ұрпақты Отанын, туған жерін сүйіп, оны қорғай білуге үйрету, оқушы бойында патриоттық сезім мен адамгершілік сананы қалыптастыру-егеменді мемлекетіміздің әр отбасы мен азаматтарының міндеті.

 Серік  Шәріп,

ауданның бас имамы.