Өркенді өңірдің өрнекті өмірбаяны

18.01.2019Ж

Өткен жылдың еншісіне бұйырған бұйымтайлы бағалы туынды «Өркенді өңір» деп аталады. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тікелей қолдауымен 23,4 баспа табақ көлемінде жарық көрген бұл кітаптың таралымы – 500 дана.

     «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жетісу кітапханасы» сериясымен шығарылған бұл туындының авторы – жерлесіміз, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, облыстық «Жетісу» газетінің  ауданымыздағы меншікті тілшісі  Мырзағали Нұрсейіт. Бұл кітап қаламы жүрдек журналистің осы саладағы тұңғыш әрі толымды  туындысы саналады.Туындыны Жаркент өңірінің бүгінгі таңдағы  жасампаз жылнамасы десек, артық айтпағанымыз.

                «Жері байдың елі бай» деген  кіріспемен басталатын бұл тағылымы мол туынды. «Берекелі берендер», «Ағалар жолы айшықты», «Замандастар», «заңғар жандар», «Қыздары біздің жақтың...», «Қаламдастар қасидасы» атты бес бөлімнен тұрады.  Кіріспенің өзі-ақ ауданымыздың кешегісі мен бүгіні және нұрлы ертеңі туралы дәйекті деректер арқылы толымды мәлімет береді. Әр бөлімдегі әр алуан  сыр толғайтын эсселік-толғаулардың көтеріп тұрған жүгі де салмақты.

                Айталық, «Берекелі берендер» тарауында Жаркент өңіріндегі дала академиктері атанған төрт алып -  Николай Головацкий, Ыбырайымжан Қожахметов, Нүсіпбек Сауранбаев,  Имәр Белалов жайлы сыр толғаса, «Ағалар жолы айшықты» тарауында Әбілхан Қастеев, Дәнеш Рақышев сияқты біртуар өнер тарландары қатарында Бексұлтан Нұржекеұлы, Ғалым Тұрғанбаев, Әділшайық Ыбыраймолдаев, Сүлеймен Көшкінов сияқты еліне еңбегі сіңген елеулі азаматтар жайында әсерлі түрде әңгіме өрбітеді.

    Кітаптың үшінші тарауы тұтасымен өзінің замандас қатарластарына арналған екен. Ал, «Қыздары біздің жақтың...» деген тарау Соцалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күлғайша Бердіғұлова,  кәсіпкер келіншектер Гүлнәр Ақсубаева мен Суриям  Изимова  бастаған  қыз-келіншектердің бүгінгі таңдағы  ерен еңбектері жөнінде сыр толғайды.

                Сыр толғайды дегеніміз журналистік  жоралғымыз бойынша қарадүрсінді пайымымыз ғана, болмаса осы кітаптағы қай эссе, қай толғам да Мырзағали сынды қаламы жүрдек қаламгердің таудай талғамы мен орамды ойының,  парасатты пайымы мен қанатты қиялының жемісі сынды.

                Панфилов ауданының әкімі болып жемісті қызмет жасаған Серғазы Беспаев пен Калинин атындағы ұжымшардың төрағасы болған Имәр Белалов   жөнінде ой тербеткен  мазмұнды мақалаларының «Ел есінде қалған ер» деген атаумен қайталанып кеткені болмаса (әрине бұл жақсы жазылған кітап үшін өрескел кемшілік бола қоймас).Бұл толымды туындыдағы дүниелердің бәрі ой ашықтығымен, деректердің дәйектілігімен, жазу  мәнеріндегі өзіндік үлпетті үлгісімен   оқырмандарының жүрегіне жол таба білетін жарияланымдар санатында.

                Жаңа  кітаптың бесінші тарауы -  жоғарыда жазғанымыздай «Қаламдастар қасидасы» деп аталады. Қасида десе қасида дегендей, қаламдас әріптестері мен қаламдас достары кітап авторы Мырзекең жайында жарасымды әңгіме қозғайды:  Бірі толымды толғанысын білдірсе, енді бірі  жүректен шыққан шынайы өлеңін өрбітеді. Қай-қайсы да жампоз журналист Мырзағали Манапұлы туралы теңіздей  тебіренісін білдіріп, көлдей көңілінің  көкжиегін жайып салады.

                Қаламгер құрдасымыздың жаңа туындысы жайлы аз да болса саз болсын деп айтпағымыз осы еді, ағайын.

      Қаламы жүрдек құрдасым,

     Тұғыры биік тұлғасың.

     Туған жерін кім-кім де - 

   Сен сияқты жырласын, - дегіміз келеді, жазарың көп болсын жампоз журналист!

Құдайберді Құсайын,

Қазақстан  Журналистері

Одағының  мүшесі.  

Күнтізбе

« Шілде 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

booked.net