Жаркент – Жетісудың ежелгі қаласы

 08.02.2019ж

Ата-бабаларымыз  әлімсақтан  қоныс  еткен Жетісу өлкесінің тарихы бай, құпиясы да мол. Демек, біздің  арғы  бабаларымыз болып  табылатын  осы  аймақтағы  ежелгі дәуірдің  тұрғылықты  адамдары өмір сүруге  қолайлы  деп таныған

«Жеті өзен» аймағында – мал шаруашылығымен  қоса суармалы егіншілікпен айналысып, кенттер мен қалалар тұрғызғаны  ата тарихтан  бәрімізге  де  мәлім. Олар  көбіне Шу,  Талас, Іле, Көксу, Ақсу, Қаратал, Бурақожыр, Үсек, Шежін.....т. б. өзендер маңына қоныстанып ғұмыр  кешкен. Тіршілік  пен шаруаға қолайлы тамылжыған  ауа-райы, асқақ таулары мен асау өзендері, құнарлы жері мен шүйгін шөбі, жалпы аймақтың үштен екі бөлігінен  артық  аумақты  құрайтын қыстық және жаздық төрт түлікке жайлы  жайылымдары, оған  қоса  әсем табиғаты әрдайым адам жанына рахат сыйлаған қасиетті өңір.

       Бабалардан мирас болған киелі Жетісу жерінен кең-байтақ Шығыс пен Батыс өлкелерін байланыстырушы Ұлы Жібек жолының өтуі, осынау өлкемен қоса жазиралы Жаркент аймағына да өзінің саяси және  экономикалық ықпалын тигізіп отырғандығы  аян. Бұл кезде  сауда  мен  кәсіпшіліктің  қарқынды  дамуы отырықшылық мәдениетте  жалғасын тауып, жаңа  орталықтардың  ашылуымен  бірге  көптеген  елді мекендердің  пайда  болуына  ықпал  етіп   қалалардың  қатары өскен. Оған дәлел ретінде - Көксу бойындағы Қойлық, Іле өзені алқабында Екіөгіз, Талғар қаласы  маңындағы  Талхиз, ежелгі Жаркент жеріндегі – Жаркент, Ақкент, Тышқан, Алмалық, Ілебалық (Үшарал ауылының солтүстік - шығысы) т.б. қалаларының  бой көтеруін айтсақ та жетіп жатыр. Және  де бұл қала, кенттер  тақыр  жерде пайда  болған жоқ, керісінше бұрынғы елді мекендердің орнында ғасырлар  бойғы  тіршілігін  жалғап, заман ағымына  сай  гүлденіп,  жандана түсті.

       Енді Жетісудың ежелгі  қоныстарының  бірі  саналатын - Жаркент қаласы тарихы жайында сөз қозғасақ, қайтадан байырғы Сақ заманына ораламыз.  «Ежелгі»  деуіміздің себебі, тарих ғылымына сүбелі үлес қосқан атақты ғалымдарымыз – В.В. Бартольдтың, Н.Я. Бичуриннің, П.П. Румянцевтің және отандық тарихшы  К.Ақышевтың тағы басқа зерттеушілердің ғылыми дәлелдері бойынша  «...қазіргі Жетісуды, оның құрамындағы Жаркент өңірін  б.з.д. VІІ – ІІІ ғасырларда сақ  тайпалары мекен еткен» деген тұжырымдамалары  бар. Одан бергі дәуірлерде жоғарыда айтып өткеніміздей бұл өлкеде Үйсіндер өмір  сүрді. Және бір дерек, осыдан мың жылдан аса уақытта Таяу Шығыстағы Иерусалимде өмірге келіп, мұсылман жұртының көпшілігін  аралаған  араб оқымыстысы, географы – М. Әл-Макдисидің ежелгі Испиджаб (қазіргі Шымкент) аймағы туралы жазып қалдырған еңбегіне жүгінсек: «...Испиджаб аймағы Мауреннахрдың (бұл жерде Оңтүстік Қазақстан) орта тұсында орналасқан. Оның Құрлұқ, Жұмышлағу, Бараб, Тараз, Балу  т. б. көптеген қалалары бар дей келе  (барлығы 51 қала), сөз  соңын Жаркент қаласының  атымен аяқтайды. Бас қаласы - Испиджаб» деп көрсетілген  деректер  сақталған. Бұл  мәліметтің  өзі  оқыған  адамды  үлкен  ойға  жетелейтіні  сөзсіз.  Бұның жалғасы іспетті келесі көңіл аударатын тағы бір қызықты ақпарат – академик  В.В Бартольдтың  «Жетісу тарихының очерктері» атты ғылыми еңбегіне қосымша көмекші құрал ретінде жасалған «Орта ғасырлар картасына»  көз  жүгіртсек, сол дәуірдің  өзінде қазіргі Жаркенттің орнында қала болғандығы белгіленген екен. Бұл дегеніңіз осы  аймаққа жататын  Жетісу Алатауының тау жоталары  мен өзендері бойындағы жазық беткейлердегі солтүстіктен  оңтүстікке қарай тізіле орналасқан қорғандар – аталмыш өңірлерде  сақтар  мен ғұн, үйсіндердің мал жайған  жайлауымен қатар жайқалған егіс даласы, қыстаулары  мен қалалары  болғандығын  байқатады. Яғни, бұдан біз  қазақ жерінің Оңтүстігі  мен Жетісу өңіріне  тән далалық өркениеттің  белгілері болып саналатын: отырықшы егіншілік, тұрақты  қоныс пен қыстауы бар  мал шаруашылығы және аңшылық кәсіптердің  кең құлаш  жайғанын аңғаруымызға әбден болады. Енді өзіңіз топшылығандай  осынау  аймақ пен   аталмыш қаланың шежіресі тым ерте замандардан басталатындығын көрсетіп тұр және  ол заман ағымына  сай  небір жаугершілікті  бастан өткерген сияқты.

                Жерлесіміз, Алашқа танымал  жазушы  Б.Нұржекеев өзінің «Өзендер өрнектеген өлке» кітабында «...қазіргі Жаркент қаласын, ежелгі Үйсін мемлекетінің астанасы болған – Шығу қаласының орны емес пе екен?»  деген, өзіндік жорамалын да ұсынған. Өткеннің көзіндей болып бізге жеткен тарихы бай қаламызды кейбір шолақ  ойлы  ағайындарымыздың патшалық Ресей тұсындағы, дәлірек  айтсақ  1881 жылғы отаршыл  әкімшіліктің (генерал – лейтенант  А. Фриденің бұйрығы бойынша) қала дәрежесін заңмен бекіткен жылдан бері есептеп  Жаркенттің бұрынғы  ғасырлар бойғы тарихына  қиянат жасалуда. Отаршыл үкімет бізге жоқ  жерден  жарылқап  қала салып  берген жоқ,  ағайын! Ұлы Жібек жолы  бойында  орын  теуіп  көптеген  ғасырлар бойы  өзіндік  керуен сарайы  мен  сауда орталығы болған  Жаркентіміз  олар келгенге  дейін де  қала қызметін атқарған  болатын.

                Жоғарыда  келтірілген  арғы  тарихи мәліметтерді  қоя  тұрып, 1856 жылы отандасымыз ғалым әрі саяхатшы  Ш.Уәлихановтың  өзі Құлжаға сапарындағы 8-ші тамыз күнгі естелігінде «Бүкіл жол бойы біз тоғайлар ішімен, арықтардың  бойымен жүріп отырдық.  ...Яркенд, Тышқан  қалаларын  оң  жағымызда  қалдырып, Ақкентке тура тартып  кеттік» деп,  жазып  картаға түсіріп  кетті емес – пе!? Сонда  бұл  тарихи  деректерді  қайда, қалай  жасырып қоймақпыз? «Жылт!» еткенді  орысқа, Кеңес үкіметіне  телитін  құлдық  психологиядан арылатын  уақыт жеткен  сияқты,  ағайын!  Неге десеңіз, кез – келген ұлтты жоюдың  бір жолы оның  тарихын  бұрмалаудан  басталады, ал, жалған  тарих  автотохтонды  ұлт үшін аса қауіпті  құбылыс!...

                Патшалық Ресей кезінде Жаркент қаласы оңтүстік – шығыстағы ірі сауда  және  мәдени орталығы болды. Алғаш 1852 жылы Құлжа мәселесі бойынша Жаркентте Жетісу әскери канцеляриясының әскери губернаторының бөлімшесі құрылып 1889 жылға дейін жұмыс істесе, Жетісу казак әскерлерінің басқармасы 1854 жылы өз қызметін бастап, 1918 жылы жойылды. Егер Жаркент қала болмаса бұндай  мемлекеттік  маңызы  бар нысандар, мекемелер басқа  жерге орналастырылатын еді-ау-  деп,  ойлаймын. Әуелі десеңіз, бұл  Ш.Уәлихановтың  Құлжаға  сапарынан  4 жыл бұрын болған оқиға.

                Жаркент  аймағына  қарасты  ашылған уездік басқарма 1883 – 1919 жылдар аралығында қызмет жасады, сондай- ақ, бұл  басқарманың  архивінде жергілікті Суан тайпасы туралы мол мәліметтер сақталынғандығын  ескерте  кеткенді  жөн  көріп  отырмын. Ал, Жетісу облыстық сотының уездік бөлімі 1889 жылы ұйымдастырылып, араға  он жыл салып 1899 жылы  өз жұмысын  тоқтатты. Және де  Жаркент учаскелік кеден басқармасы 1886 жылы ашылып, 1916 жылы жабылса және бір сондай мекеме шекаралық  Хоргос кедені 1905 жылы өз жұмысын бастап 1917 жылы таратылды.Тағы бір көңіл аударарлық ерекше  жағдай  1906 – 1907 жылдары  Жаркентте  Ресей Мемлекеттік Думасы  сайлауының өткізілуі. Одан  кейін Кеңес Үкіметі тұсында дәлірек айтсақ 1928 жылы  аудан орталығы болды,  кейін  1942 жылы Кеңес Одағының Батыры генерал И.В.Панфиловтың есімі берілді. Тәуелсіздіктен кейінгі 1992 жылы өзіндік тарихи төл атауы  Жаркент болып қайта түледі.

       ....Сөз  арасында  Жаркент қаласының  Р. Трофимова мен Б.Назым көшелерінің  қиылысының  маңайындағы  үйлердің  бірінен шаруашылық  жағдайындағы  құрылыс  жұмыстарын жүргізгенде 3 мтереңдіктен  көне  құмыра  мен  көзелердің  сынығының  табылуы  және  тәжірибелі  археолог т.ғ.к. Д. Талеев  мырзаның  жорамалы  бойынша  Жаркент  қаласы  мен  Шолақай  ауылы арасында  да  ескі  қала  жұртының  орны бар  екендігін  де   айта  кеткім  келіп  отыр. Менің өз  жобалауымша  көне  Жаркенттің  жұрты  қазіргі  қала тұрған  жерден  5-10 кмшеңберлі қашықтықта  жатыр –ау  шамасы.... 

                Сондықтан да, аталмыш тарихи, рухани  жәдігерлеріміздің  зерттеліп  ел  игілігіне  айналуына барлықтарыңыздың  бір  кісідей  атсалысуларыңызды  сұраймыз. Себебі, осынау байырғы  бабаларымыздың  көзіндей  болған көне шежіре, бүгінгі  тарихымыз  келер  ұрпақтың  мәңгілік  мұраты  мен  мақтанышына  айналатынына кәміл  сенемін.

          Қали  Ибрайымжанов, 

тарих ғылымдарының магистрі.

Күнтізбе

« Ақпан 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28      

booked.net