Атақты әулие, би баба Қожбамбет

22.02.2019ж

Қашан да қасиетті адамдар жайлы жазу үшін қолыңа қалам алып жазу орнына отырғанша, тіпті жазып болғанша, жаныңды мазалай беретін үлкен жауапкершілік сұрақтары жан-жағыңнан анталап тұрған сияқты сезінесің.

     Қара қылды қақ жарып, әділ билік айтқан, қара сөз бен қызыл тілдің шеберлік шешендігін бағалап, өрелі сөзбен өрнек құрған, замана тауқыметіне ығып жасқанбаған, қабырғасын қақыратып, билік  айтып, ер қасиетін, ел қасиетін, жер қасиетін жадында сақтап, өрнекті ойдан түйін  түйетін  Қожбамбет би. Қожбамбет  әулие туралы өз ойымды айту маған оңай түсіп отырған жоқ. Атақты әулие, би бабамыз туралы аракідік ел аузында, сирек шыққан ертедегі басылымдарда жасырынған жақұт сияқты жарқ ете түсетін, шешіліп шебер сөйлеген азды-көпті тағылымды сөздері баршылық. Бұл да болса Қожекеңдей бидің ұрпақтарына қалдырған мол мұрасы.

            Қожекеңнің шыққан тегі Суан, одан Мұрат, одан Егізек (Орыс), одан Хангелді, одан Ақша екенін білмейтін Суан жоқ шығар. Кейінгі тайпаларды да Суан етіп көрсетіп, санын көбейтпек. Мұндай шежіренің аса жақсылыққа апара бермейтіні хақ.

    Қожекеңнің атамекені Қарақойын (Қоңырөлең), жазба әдебиеттерге сүйенсек Қожекең Тезек төренің, ақын Сараның, Бақтыбайдың тұсында өмір сүрген. Меніңше Қожекең осы аталған үш ірі тұлғаның үшеуінен де жас жағынан үлкен сияқты. Ақын Сара Тастанбекқызы(1876-1916) жылдар арасында, ал Бақтыбай Жолбарысұлы (1835-1916) жылдар аралығында өмір сүріп, екеуі бір жылда бақиға аттанған. Абылай ханның ұрпағы Тезек Албан мен Суан еліне төре болып тұрғанда Қожбамбет әулие Тезектің ең сенімді биі болып, ақ орданың төрінде бірге отырған.

    1964 жылы Қазақ Мемлекеттік Көркем әдебиет баспасы шығарған «Айтыс» кітабының 115-бетінде Сүйімбай мен Тезек төре айтысында Сүйімбай Тезек төреге былай дейді:

            Қожбамбет Суандағы сен бір дүлдүл,

            Қашекеден қан жайнақ сен бір бұлбұл.

            Төрем пысық болды деп Албан, Суан,

            Жайдақ атқа мінгендей жұлқынып жүр.

            Бұл Сүйімбай ақынның Қожбамбетті дүлдүл бисің, бірақ Тезек төре болды деп далбақтап кетпеңдер деп ескерткені. Осы «Айтыс» кітабының 145-бетіндегі  Біржан мен Сараның айтысында Сара былай дейді:

Ақ Найман, Қожбамбетке Арғын жетпес,

Тортуыл Қаратайдан қазақ өтпес.

    Бұл ақын Сараның Қожбамбеттің әділ де таза билік жасайтынын, ешкімге сатылмайтынын, Арқаның асқақтаған ақыны Біржанға ескерткені шығар деп түсінемін. Қожекеңнің білгірлігін Сара да сыйлап, құрметтей білген. 1988 жылы « Жазушы» баспасынан шыққан «Айтыс» кітабының екінші томындағы 301-бетте Бақтыбай мен Тезек төре айтысы бар.

            Сол үлкен айтысқа Қожбамбет би аса шеберлік, зерделілікпен, төрелігін айтып, бала ақын мен атақты төре ақынға баға, бағыт-бағдар беріп отырған. Бақтыбай Тезек төренің ауылына келеді де ешкімнен келісім де, рұқсат та сұрамай өлеңдете жөнеледі.

            Тақсыр-ау, сәлем берем тыста тұрып,

            Құлақ сап тыңдасаңыз мойын бұрып.

            Жалғанда зәрің қатты төре дейді,

            Айтуға бола ма екен үйге кіріп.

Сонда ақ үйден шаңқ етіп Тезек төренің ашуланған дауысы шығады да:

-           Бұл кім өзі, шаңқай түсте үйімнің сыртынан келіп бақырып тұрған! Кім де болса басын алыңдар, - деп жендетін  жібереді.

-           Төреге тілім тиген жоқ, басымды неге алады? Менің басымды төре алмайды, құдай алады, дейді Бақтыбай. Бақтыбайдың өжеттігін, өрлігін, қайсарлығын, өлеңдерінің жүйелі екендігін байқаған, төрде отырған Қожбамбет би сөзге араласып:

-           Сексендегі шалменен құдай қосса он сегіздегі қыз құрдас, қырықтағы әйелмен нәсілі болса, он бестегі ұл құрдас. Асылдың басын асыл алмақ емес, нәсілің сұралмай қалмақ емес.

            Бақтыбайдың жасы құрдас болмағанымен, сөзі құрдас шығар. Алдыңызға келген пақырдың бас салып басын алдыруыңыз лайықты болар ма екен? Бұл баланы тоқтаусыз сөйлетіңіз, кем болса басын аларсыз, тең болса ашуыңызды қайтып аларсыз.-дейді. Оны естіген төре райынан қайтып:

-           Бақтыбай, сен ақын болсаң Ескелді бидің тұқымысың, өтірік айтпа, шындықты айт, өтірік сөз құлаққа жақпайды, арнасы жоқ жерден су ақпайды, өтірік айтпай, шындықты айт, әрқашан құдай сақтайды, өмір шындыққа тоқтайды,-дейді. Қожекеңнің Бақтыбайға ақыл айтып, сілтеме жасауының өзі Теректің әйелі Дәнекердің де, Бақтыбайдың да, Тезек пен Қожекеңнен әлдеқайда кіші екенін меңзейді.

            Әділ сөзге шабыттана, сілкініп, сергіп қалған Бақтыбай Дәнекердің тарихын тізбектей жөнеледі:

            Қыранды қыран деме ізден шыққан,

            «Жақсы сөз-жарым ырыс» сізден шыққан.

            Өлсем де Дәнекерді мақтамаймын,

            Дәнекер сіздің емес біздің қатын.

            Тартып ап қызды білмей затын,

            Төркіні Дәнекердің қоқандықтар,

            Қоқанның қайын қылсын тәжік-сартын.

            Абылай аты шыққан Қамбарымен,

            Отырсың Абылайдың сен малымен.

            Қазақтың қой, жылқысы аз болды деп,

            Жұттың ғой Дәнеркерді дамбалымен.

            Сонда Қожбамбет би жақсы да демей, жаман да демей, көзінің астымен Бақтыбайға шырай беріп, күлімсіреп құс жастыққа шынтақтай түседі.

            Сонда Тезек төре:

-           Қызталақтың баласы, осынша жаманда деп пе едім?- деп атып түрегеліп, қылышын ала жүгіреді. Қожбамбет би төренің екі қолынан шап беріп ұстай алып:

-           Қойыңыз төре, қойыңыз! Хан қайта сөйлемейді, қайта сөйлесе қара басқаны,- деп қылышқа жармасып ханға басу айтады.

            Тезек төре хан болса да  сөзге тоқтаған, ақын жанды, тіпті жақсы ақын болған. Сол айтыста Тезек төре Қожбамбеттің әділ билігіне риза болып, Бақтыбайдың күшті ақын екендігін мойындаған.               Абылай ханның тұқымы Тезек төреге кез-келген би билігін жүргізе алмаған. Бұл Қожбамбет бидің терең ойлы, байсалды, салауатты, парасатты би екенін дәлелдейді. Тіпті  Қожекең беделінің көтеріліп, пешенесінің ашылуы осы Бақтыбай мен Тезек төренің айтысында тұспа-тұс келеді. Көнеден қалған сыралғы түрік құлақ ақсақалдардың айтуына қарағанда (Ботай қария) Қожекеңді сол кездегі Суанның белді  биі  Қараменде Дәулет би тәрбиелеген дейді. Дәулет би қайтыс болғаннан кейін оның баласы Молдыбай би болады. Қарақойыңға барар үлкен жолдың немесе Қойбын шатқалынан батысқа қарай шыға берісте дөңестеу келген бетегелі беткей бар. Сол белге Малдыбай би жерленгендіктен Малдыбайдың, Малдекеңнің белі деп атайды. Ботай қарияның айтуы бойынша ертеректе Асы жайлауында қазақ-қырғыздың манабын сайлауға арналған үлкен құрылтай болса керек. Сол жиынға Дәулет би Қожакеңді ерте барыпты.

            Жиында қырғыздар манаптарын сайлап, оны көпке, қазақ-қырғызға таныстыру үшін оқалы кілем, ақ киізге орап, бірнеше жігітке көтертіп, дүйім халықтың ортасына алып шыққанда, Қожекең Дәулет биге қарап:

-           Мына қырғыздардың манабының төрт мүшесі сау ма? Әлде ауру, сал адам ба, жіберіңізші барып көңіл сұрайын,- дегенде, Дәулет би Қожакеңнің батылдығына сүйсініп:

-           Біздің қазақ-қырғыздың би мен манап сайлағанда, оларға көрсететін құрметі, Асықпа кейін сөйлесіп аларсың, - деп басу айтып разылығын білдірген екен.

        Қожекеңнің атағы шығып әділ би атанған кезде, Қаракемердегі Маман Тұрысбектің ауылында үш жүздің бас қосқан салтанатты жиын болып, жер дауы мен ел арасында кездесіп қалатын кикілжің келіспеушіліктер сөз болып, билер әділ шешімін айтып келісімге келеді.

     Осы жиынға Қожакең өз нөкерлерімен барса керек. Сол тұста Қожакең басқарған Суан елінің біразы Шығыс Түркістанға жер ауған болуы керек. Осыны естіген Найман мен Жалайырдың билері Қожбамбет биге қарап:

-           О, Қожеке, аман ба ?- дейді. Қожакең селқос қана:

-           Аман ғой, жай-жапсар сұрасқандарың осымен тәмам ғой?- дейді. Жалайырлар мен Найманның болыс-билері кідіріңкіреп барып:

-           Аманың аман ғой, ал бірақ еліңнің ширегінен айырылғаның жаман ғой- депті. Сонда Қожакең  ашуланқырап даусын қатқылдау шығарып:

            -Менің елім сендерге ел емес пе?

            Ұрпағына үш жүздің тең емес  пе?

            Іле, Балқаш, Алакөл, Марқа,

                                                    Сайрам,

            Барлығымыз су ішкен көл емес пе?

            Сөз төркіні кесек-ті

            Мирас етіп ерлікті.

            Тастаңдар қатын өсекті,

            Көрсетіңдер ерлікті,-деп болыс-билерді сөзден доғарып, тосып тастаған.

            Қожакең туралы тағы бір ел арасындағы аңыздың шындыққа жанасарын оқырман қауым өздері бағалай жатар, оны да айта кетейін.

            Қожбамбет дүниеге келіп, арқалы бесікке сүйеніп отырған анасы қалғып кетіп түс көреді. Түсінде құшағында еміп жатқан Қожбамбетті екі адам келеді де көтеріп алып кетіп, апарған күйі темір ұстаның көрігінен шыққан жалынды қып-қызыл көмір шоғына ары қақтап, бір-біріне «пісті ме, пісті ме» - деп, қайта көтеріп әкеп анасының құшағына тастап кетеді. Шошып оянған анасы баласының амандығын көріп, құдай, әруаққа сыйынып, ақсарбас сойып, таратады. Осыны естіген атақты болыс-билер жасында көріктің отына пісіп, шыққан Қожбамбет сөздің шоғына да елді пісіріп алады. «Қара тасқа қарсы салатын алмас қылыш секілді» дейді екен.

            Қожакеңнің Кесікте Сарыбел мен Талдының арасындағы үлкен дөңде жатқанын бүкіл Суан біледі. Сол Кесікте Шойнақ батыр да жатса керек. Қожакеңді Суан ғана емес бүкіл үш жүздің ұрпағы сыйлайды. Оған дәлел 1993 жылы маусым айының аяқ тұсында атақты өнер қайраткері, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Асқар Тоқпанов Жаркенттегі өнер адамдарымен сұхбаттасу кездесуінде:

-           Осы Жетісу өңіріндегі әулие бидің бірегейі Қожакең Кесікте жатыр, мен басына барып әруағына тағзым еттім. Қожакеңнің  басына ескерткіш қою жайын әкімдеріңе де айттым, - деді.

    Осының өзі үлкен өнер адамының әулие биге деген жүрек тебіренісі мен қасиетін қастерлеуі еді.

Әдепхан   Төреханұлы,

Қазақстан  Республикасы

жазушылар одағының мүшесі,

Алматы облысы мен

Панфилов ауданының

 «Құрметті  азаматы».

 

Күнтізбе

« Қыркүйек 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

booked.net